Павлодарда облыстық «Тіл шебері» байқауы өтті

Павлодарда облыстық «Тіл шебері» байқауы өтті

Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен 2022 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде үш тілді жетік меңгерген жастар арасында облыстық «Тіл шебері» конкурсы өткізілді.

Аталған байқау – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау, қолдау көрсету, тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Қатысушылар байқаудың талаптарына сәйкес «Елтаным» кезеңінде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақтың жері және оның аймақтары туралы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баяндау, «Сөзтаным» кезеңінде қазақ тіліндегі мақал-мәтелдерді оқып, орыс және ағылшын тілдерінде мағынасын ашу, «Ойтаным» кезеңінде берілген тақырып бойынша қазақ тілінде эссе жазу сияқты тапсырмаларды орындау арқылы сынға түсті.

Аталған іс-шараға облысымыздың қала, аудандарынан іріктелген 18-35 жас аралығындағы үш тілді жетік меңгерген жастар қатысты.

Үміткерлердің білімдері мен өнерлерін жергілікті ЖОО-ның ғалымдары бағалап, тілдерді меңгеру деңгейіне, үш тілдегі орфоэпиялық нормалардың дұрыс дыбысталуына, жауаптардың нақтылығы мен дұрыстығына, үш тілде таза сөйлеуіне, сауатты жазу шеберлігіне мән беріп, шешімдерін шығарды.

Байқау нәтижесі бойынша I жүлделі орын Павлодар қаласының үміткері Сакенова Назымгүлге бұйырса, II орынды Успен ауданының қатысушысы Исенова Айнура иеленді, ал III орынға Ақсу қаласынан келген Жазина Айсана лайықты деп танылды.

Барлық қатысушылар дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.