Павлодарда «Жайлауда» акциясы өтті

Павлодарда «Жайлауда» акциясы өтті

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ана тілі» орталығының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 9 маусымында Павлодар қалалық саябақта «Жайлауда» атты акциясы өтті.

Шараның мақсаты – өңірімізде мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап, қолданылу аясын кеңейту, әлеуметтік ролін арттыру, тілдік ортаға ене отырып, қазақ халқының тарихымен, тұрмысымен, рухани құндылықтарымен таныстыру.

Акция барысында «Ана тілі» орталығының тыңдаушылары және қала тұрғындары мен қонақтары мемлекеттік тілімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, мәдениетімізді, өмір салтымызды қазіргі заманға сай сабақ түрлері: ойын-сабақтары, флеш-тренингтер, ойынның психологиялық сипаттағы жаңа технологиялары арқылы үйренді. Тыңдаушыларды тілдік ортаға бейімдей отырып, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, тарихын зерттеу арқылы тілдік ортаға енулеріне жағдай жасалды.

Ш.Д. Кинжикова, «Ана тілі» орталығының директоры: «Іс-шараны жүзеге асыру барысында тілдік ортаға ену арқылы білім алушының танымдық ойлау әрекетін жандандыруға, сондай-ақ қазақ тілінде қарым-қатынас жасау дағдыларын игеруге ықпал ететін элементтер қарастырылған. Аталған шараның идеясы жеке және ұжымдық социумның бос уақыты мен демалысын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтын дәріптеу, қазақстандық патриотизм мен толеранттылық қағидатын насихаттауға оң әсер етеді».

Аталған шараға «Ана тілі» орталығының тыңдаушылары, Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты.