Павлодар облысы бойынша Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай диктант жазу шарасы ұйымдастырылуда

Павлодар облысы бойынша Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай диктант жазу шарасы ұйымдастырылуда

Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі  басқармасы Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде және Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай облыс бойынша ашық диктант өткізуді жариялаған болатын.

Диктанттың мақсатымемлекеттік тілді насихаттап, қолданыс аясын кеңейту, әрбір азаматқа қазақ тіліндегі білімін және сауатты жазу деңгейін тексеруге мүмкіндік беру, жазу мәдениетін қалыптастыру және арттыру болып табылады.

Диктанттың мәтіні ретінде 107 сөзден құралған «А. Байтұрсынұлы – ағартушы ғалым» атты шағын текст ұсынылған болатын.

Облыс бойынша бүгінгі күні диктантқа 19454 адам қатысты. Солардың ішінде 7881 адам «өте жақсы», 7925 адам «жақсы» және 3648 адам «қанағаттанарлық» деген баға алды («5» және «4» баға алғандардың үлесі жалпы қатысқандардың 81,2%-ын құрады).

Аталған шара облысымыздың қала, аудандарында, Қазақстан халқы Ассамблеясы, кітапханалар мен білім беру ордаларында ұйымдастырылып, ашық диктантқа этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер, қоғам белсенділері қатысты. 

Сонымен қатар ағымдағы жылдың басында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған жоспар шеңберінде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен «Ұлт ұстазы» атты дөңгелек үстел, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, қазақ тілі және әдебиеті мұғалімдерінің облыстық форумы және тағы да басқа түрлі деңгейдегі іс-шаралар жоспарланған.

Бүгінгі күні Павлодар облысының елді мекендерінде Ахмет Байтұрсынұлының есімімен 7 көше аталған.

Аталған бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасын табатын болады.