Ағымдағы жылдың 12 сәуірінде сағат 15.00-де облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Кинжикова Шолпан Духтурбайқызының «Келіңіздер, қазақша сөйлесейік!» және «SMART SABAQTAR» атты кітаптарының тұсаукесері өтті.
Оқу құралдарының негізгі мақсаты – тұрмыстық, әлеуметтік, ресми-іскери мазмұндағы лексиканы тіл қолданушыға меңгерту және ой-пікірін қарапайым деңгейде жеткізуге дағдыландыратын грамматикалық білік-дағдыларын қалыптастыру. Ұсынылып отырған әдістемелік құралдар қазақ тілін үйренушілерге, оқытушылар мен әдіскерлерге және оқырман қауымға арналған.
Аталған іс-шараға өңіріміздің тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері мен өңірімізге белгілі филолог ғалымдар және Павлодар қаласының мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары қатысты.
Шолпан Духтурбайқызы тіл/мәдениет/туризм арқылы тілдік орта қалыптастыру бойынша мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Тіл керуені», көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған «Күн сәулесі» және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған «Тілдік келісім» атты арнайы жобаларлардың авторы, әрі тәжірибелі қазақ тілі маманы, «Ана тілі» орталығының директоры болып табылады.
Сонымен қатар жиын барысында қатысушылардың өңіріміздегі тіл саясаты, мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлі, қоғамның барлық саласында толыққанды қызметін қамтамасыз ету тақырыптарына сай тұшымды ойлары ортаға салынып, өңіріміздегі қазақ тілін дамыту бойынша жұмыстар туралы сөз қозғалды.