«Тілдарын» облыстық олимпиадасы

«Тілдарын» облыстық олимпиадасы

Үш тілді - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген дарынды жастарға қолдау көрсету, қазақстандық патриотизмді нығайту, тілдік мәдениетті тәрбиелеу, өзге халықтардың тілі мен мәдениетін құрметтеуді қалыптастыру мақсатында 2021 жылдың 30 шілдесінде Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен  «Тілдарын» облыстық олимпиадасы өткізілді.

«Тілдарын» облыстық олимпиадасына 18-23 жас аралығындағы облысымыздың қала, аудандарынан келген білімді де талантты жастар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен өз білімдерін шыңдады.

Қатысушылар үш кезеңнен тұратын үш тілде берілген тапсырмалардың мазмұнын ашып, эссе жазып, сондай-ақ ілеспе аударма жасай отырып, өз білімдерін ортаға салды.

Жоғары оқу орындарынан арнайы шақырылған ғалымдардан құрылған әділқазылар алқасының құрамы үміткерлердің білімдерін бағалау барысында тілді меңгеру деңгейіне, жазу сауаттылығы мен мазмұндылығына, жауаптың орамдылығына және толықтығына назар аударды.

Әділқазылар алқасымен үш тілді жетік меңгерген жеңімпаздар анықталып, олимпиада нәтижесі бойынша Баянауыл ауданының өкілі Зейнұр Зекебай өз білімін жоғары дәрежеде көрсетіп, І-орынға иеленді. ІІ-орынға Май ауданының үміткері Жанболат Қайдар лайықты деп танылса, ІІІ орынды Ақсу қаласынан Шынар Донен иеленді.

Барлық қатысушылар алғыс хаттармен, дипломдармен, сондай-ақ ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Олимпиада көрермендердің қатысуынсыз барлық санитарлық нормаларды сақтай отыра өткізілді.