Еріктілер жылының жабылу рәсімі

Еріктілер жылының жабылу рәсімі

Еріктілер жылының жабылуына орай ағымдағы жылдың 29 желтоқсанында Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Тіл еріктілерін онлайн режимі арқылы марапаттау рәсімін өткізді.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2020 жыл «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Президентіміз: «Еріктілер қызметіне азаматтардың, әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдарға қатысты дағды қалыптастыру – маңызды міндет. Бұл азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі» деп атап өткен болатын.

Осы орайда ағымдағы жылдың басында Павлодар қаласының орталық қалалық кітапханасында «Тіл волонтері» орталығының ашылу салтанаты өтті. Орталықтың негізгі мақсаты – мемлекеттік тілді дамыту жұмыстарын жетілдіру және көпшіліктің қазақ тілін меңгеруіне жағдай жасау болып табылды.

Қазақстан халқының тілдері күніне орай Тіл волонтерлары қаламыздағы бірнеше тұрғын үйлердің тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, қазақ тілін насихаттау және қала тұрғындарын оқыту мақсатында мемлекеттік тілді оқып, үйренуге ынта білдіріп жатқандарға тегін сабақтар өткізді. Оған қоса сабақ барысында тек тіл үйрету емес, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық құндылықтары кеңінен дәріптелді.

Сондай-ақ облысымыздың аудандарында да Тіл еріктілерінен құрылған клубтар ашылып, жергілікті жерлерде де мемлекеттік тіл саясаты төңірегінде және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған түрлі деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Жылдың қорытындысы ретінде шара барысында өңіріміздегі мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылуы, өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілге деген құрметін және қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін орта мен қажеттілік қалыптастыру мәселелерін талқыланып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Сонымен қатар «ZOOM» платформасы арқылы өткен кездесуде өңіріміздің рухани-мәдени өмірін жандандырудағы ерекше белсенділігі мен мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, қазақ тілінің дамуына зор жауапкершілікпен қарап, Еліміздің болашағы жолында атқарған еселі еңбегі үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен мектеп ұстаздары, жергілікті жоғары оқу орындары мен колледждердің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері, белсенді жастар және түрлі деңгейдегі ұйымдардың мамандары мен әдіскерлері басқарма тарапынан алғыс хаттармен марапатталды.