Павлодарда «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеу өткізілді

Павлодарда «Қазтест» жүйесі бойынша тестілеу өткізілді

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Қазтест» бағдарламасының негізінде тіл білу деңгейін бақылау жүйесін қамтамасыз ету бойынша іс-шарасы қарастырылған.

Осыған орай ағымдағы жылғы қазанның 22-23-і күндері Павлодар қаласында мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу өтті.

Тестілеу облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының өкілдерімен бірлесіп, «Торайғыров университеті» базасында өткізілді.

Тестілеудің мақсаты – мемлекеттік және мемлекеттік емес сектор ұйымдарында қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру.

«Қазтест жүйесі» – азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі болып табылады. Аталған жүйе халықаралық тілдік білімді бағалаудың TOEFL, IELTS, DALF/DELF, DSH, CELI, TÖMER, ТРКИ және т.б. жүйелерінің қағидаттарына негізделіп жасалған.

Жүйенің негізгі ерекшелігі қатысушының есту арқылы тыңдаған диалогтар мен монологтарды қаншалықты түсінетіндігін, қазақ тілінің лексикасы мен грамматикасын меңгергендігін және оқу қабілетінің деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Аталмыш тестілеуге 90-нан аса ниет білдірген жергілікті жоғары оқу орындарының оқытушылары мен химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары қатысты.