2025 жылғы 26 қарашада Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен жастар бастамаларын дамыту орталығында «Тіл.Мәдениет.Білім – жастардың рухани қуаты» атты облыстық жастар форумы өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, өңіріміздің белсенді жастары, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.
Жастар форумы – бұл өңіріміздің белсенді де білімді жастарының басын қосып, жаңа бастамалар мен идеяларды талқылау және шығармашыл жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған салтанатты шара. Аталған форумның шымылдығы «Тіл, мәдениет, жастар – жарқын болашақ» атты фильмді көрсетумен ашылды. Қысқа метражды фильмде облысымызда жастарға арналып жасалып жатқан шаралар, олардың жетістіктері мен нәтижелі еңбегі жайлы көрсетілді.
Форумның ашылу салтанатының алғы сөзін мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы М.А.Тауасқан алып, жастардың ел болашағындағы алар орны ерекше екеніне тоқталып, оларды оқу-білімге, жаңа технологияларды меңгеруге үндеді. Сондай-ақ, жастарымыздың ана тіліміздің жаңа дәуірде дамуына ат салысу қажеттігін, тіл саясатын іске асырудың басты бағыттарын атап өтті.
Аталған іс-шарада баяндама жасаған Торайғыров университетінің профессоры, ф.ғ.к. Зейнуллина Айман Файзоллақызы жастардың көрікті ойлауы мен сөйлеу мәдениетіне тоқталса, «Сеніммен болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің өкілі Жанарыс Хызыр қазіргі жастар мен жасөсіпірімдерді тәрбиелеудің маңыздылығын сөз етсе, «Амanat» партиясы «Жастар рухы» ЖҚ Павлодар облыстық филиалының төрағасы Жүсіп Мерғали және Баянауыл ауданының кітапханашысы Желкобаева Диана мемлекеттік тілдің өзектілігі мен оның ауқымын кеңейту жолдарына тоқталды.
Шара соңында облысымызда тіл саясатын іске асыруға белсенді ат салысып келе жатқан дарынды жастар Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.