Павлодарда латын қарпі негізіндегі тегін қазақ тілі курстары жалғасын табуда

Павлодарда латын қарпі негізіндегі тегін қазақ тілі курстары жалғасын табуда

Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Ана тілі» орталығында» Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында барлық санаттағы азаматтарға арналған латын қарпі негізіндегі тегін қазақ тілі курстары басталған болатын.

Курстың мақсаты – жаңа әліпби негізінде дұрыс жазу дағдыларын қалыптастыру, қазақ тілінің орфографиялық, фонетикалық, морфологиялық, лексикалық нормаларын үйрету.

Еліміздегі COVID-19 індетінің таралуына байланысты тыңдаушылар қашықтан оқу жүйесіне көшкен болатын. Тыңдаушылар «ZOOM» қосымшасы арқылы курстарға қатысып, бүгінгі күні аталған шаралар жалғасын табуда.

Облыстық іс-шаралар жоспары шеңберінде латын қарпі негізінде қазақ тіліне 2020 жылдың соңына дейін 440 барлық санаттағы азаматты оқыту жоспарланған. Бүгінгі күні 315 барлық санаттағы азамат оқытылды. Жоғарыда аталған оқыту курстары жылдың соңына дейін онлайн режимі арқылы жалғасатын болады.

Сабақтар «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылы 26 қазандағы №569 Жарлығына сәйкес бекітілген латын әліпби бойынша өткізіледі. Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газетінің 2019 жылғы 18 қаңтардағы санында жарияланған 2018 жылғы 6 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссиямен мақұлданған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін» қолдануда.