
2025 жылғы 30 қыркүйекте «Достық үйінде» Қазақстан халқының тілдері күніне орай Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – достық құралы!» атты облыстық тілдер фестивалі өтті.
Тілдер фестивалі – бұл Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз ынтымақтастықта ұйымдастырылатын, сонымен қатар өңірдегі этномәдени бірлестіктерінің, қоғамдық ұйымдарының, шығармашыл және ғылыми зиялы қауым өкілдерін жинайтын жыл сайынғы мерекелік іс-шара.
Ағымдағы жылдың 1-30 қыркүйек аралығы облыс бойынша «Тілдер айлығы» деп жарияланды. Жалпы аталған тілдер айлығы шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарында елімізде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тілін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 300-ден астам іс-шара, сондай-ақ тілдерді насихаттауға арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар мен конференциялар ұйымдастырылуда.
Қазақстан халқының Тілдер күні мерекесі еліміздің барлық этностары үшін дәстүрге айналды, оның негізінде бүкіл адамзаттың рухани мұрасы мен идеясы жатыр, ал әрбір этномәдениет әлемдік өркениетке баға жетпес аманат. Қазақстанда тілдерді сақтау мен дамыту – қазақстандық қоғамның тұрақтылығына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Мерекелік шара барысында шақырылған қонақтар үшін фойеде этномәдени бірлестіктерінің қолданбалы өнер көрмесі ұйымдастырылды.
Концерттік бағдарламаның ашылу салтанатының алғы сөзін облыс әкімінің орынбасары А.Қ. Маликова алып, ұлтаралық бірлікті нығайтудағы мемлекеттік тілдің маңызына тоқталып, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге үлес қосқан облыстың бірқатар азаматтарын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамоталары және Алғысхаттарымен, сондай-ақ облыс әкімі орынбасараның Алғысхаттарымен марапаттады.
Аталған іс-шараға этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, өңіріміздің тіл жанашырлары, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, мекеме және ұйым басшылары, қала, аудандардағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары мен мамандары, барлығы 200-ге жуық адам қатысты.
Этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама аясында көрермендерді өз өнерлерімен тамсандырып, ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.