5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен 1-30 қыркүйек аралығы облыс бойынша «Тілдер айлығы» деп жарияланды. Жалпы аталған тілдер айлығы шеңберінде облыстың қалалары мен аудандарында елімізде тұратын этнос өкілдерінің мәдениетін, тілін, тарихын және тұрмысын насихаттайтын 300-ден астам іс-шара, сондай-ақ тілдерді насихаттауға арналған байқаулар, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар мен конференциялар ұйымдастырылатын болады.
Аталған тілдер айлығы ресми түрде ағымдағы жылғы 5 қыркүйекте С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Қазақстан халқының тілдері күніне орай және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында Басқарманың ұйымдастыруымен өзге этнос өкілдері арасындағы «Мен қазақша сөйлеймін!» облыстық конкурсымен ашылды.
Аталған конкурс өңірімізде мемлекеттік тілді кеңінен насихаттап, қолданылу аясын кеңейту және әлеуметтік ролін арттыру, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерін ынталандыру мақсатында өткізілді.
Шарада облысымыздың қала, аудандарынан 18 жастан асқан үміткерлер өз бақтарын сынады. Барлығы 19 өтінім қабылданып, қазылар алқасы 13 қатысушыны конкурстың ережесінде жазылған талаптарға сәйкес іріктеді.
Шара ережесінің талаптарына сәйкес қатысушылар 5 минуттық бейнероликтарында өздерін таныстырып, қазақ тілін қашан және қалай меңгергендігі жайлы айтты. Сонымен қатар бейнеролик барысында қазақ халқынан шыққан танымал ақындардың өлеңдерінен үзінді жатқа айтып, өнерлерін көрсетті.
Байқау нәтижесі бойынша I жүлделі орынды Май ауданының қатысушысы Чаймарданова Аида Валентиновна иеленсе, II орынға Тереңкөл ауданының үміткері Коломина Рада Александровна және III орынға Екібастұз қаласының қатысушысы Легкая Инесса Викторовна лайықты деп танылды.
Барлық қатысушылар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.