Ағымдағы жылғы 21 тамызында «Колос» мәдени ойын-сауық орталығында Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, халыққа қызмет көрсету салаларының қызметшілерін ынталандыру мақсатында Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» атты облыстық конкурсы өтті.
Байқауға қатысқан үмiткерлердiң өнерiн сарапқа салып, әдiл бағасын беретiн қазылар алқасының құрамына: «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, қазылар алқасының төрағасы Е.Ж. Жанғазы, Торайғыров университеті, Филология және журналистика кафедрасының оқытушысы, PhD докторы, қазылар алқасының мүшесі Ә.Т. Ташекова, Облыстық «HALYQ» радиосының бас редакторы, қазылар алқасының мүшесі Б. Сауырбай шақырылды.
Конкурсқа қызмет көрсету саласының өкілдерінен құралған 5 команда қатысты. Олар конкурс барысында түрлі шығармашылық тапсырмаларды орындау кезінде өздерінің әртістік, тапқырлық қабілеттерін, сонымен қатар кәсіби терминдерді мемлекеттік тілге аудару қабілеттерін көрсетіп, ситуациялық жағдайдан шығуда шығармашылық шеберліктерін танытты.
Байқау қорытындысы бойынша қазылар шешімімен І орынға «Сұңқар» командасы («Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы комммерциялық емес акционерлік қоғамының» Павлодар облысы бойынша филиалы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталықтары»»), ІІ орынға «IT әлемі – қазақ тілінде» командасы («Павлодар облыстық ақпараттық технологиялар орталығы» КММ) және ІІІ орынға «Жүзден жүйрік» командасы («Қазақстан Халық банкі» АҚ) лайықты деп танылды.
Сонымен қатар «Көңілді трамвай» (Д.Д. Махмудов атындағы «Павлодар қаласының трамвай басқармасы») және «Қазпошта» командасы («Қазпошта» ЖШС) командалары аталған байқауға белсенді қатысқандары үшін арнайы номинацияларға ие болды.
«Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» конкурсының барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.