Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен этнос жастары арасында облыстық «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты конкурсы өтті.
Аталған конкурс мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос жастарын анықтау және оларды қолдау, ынталандыру, сондай-ақ жастар арасында тіл мәдениетінің деңгейін, қолданылуын арттыру мен жастардың мәдени, рухани дамуына үлес қосу мақсатында өткізілді.
Конкурс ереже талаптарына сәйкес 4-кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып, өз өнерлерін көрсетті, екінші кезеңде ұсынылған мақал-мәтелді жалғасытырды, үшінші кезеңде Отан, туған жер, салт-дәстүр, белгілі тұлғалар тақырыптарында ойларын жеткізді, ал төртінші кезеңде берілген сұрақтарға жауап берді.
Байқау нәтижесі бойынша I жүлделі орынды Ақсу қаласының қатысушысы Шанышпаева Айгерим иеленсе, II орынға Екібастұз қаласының үміткері Тахирова Алина және III орынға Успен ауданының үміткері Коломина Рада лайықты деп танылды.
Барлық қатысушылар ақшалай сыйлықтармен, дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды.