Ағымдағы жылғы 23 мамырда С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Түркі тілдес халықтарының жазбалары күніне орай «Түркі жазбаларындағы әдеби-тілдік мұра және қазіргі кеңістік» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті.
Қазақстан Республикасы Парламентінің шешімімен 18 мамыр – Түркі жазуы күні болып бекітілген. Аталған шараны өткізу өңірімізде дәстүрге айналып отыр.
Шара «Көне түркі жазба жәдігерлері – қазақ жазба мәдениетінің бастауы» тақырыбындағы фильм көрсетумен басталды.
Конференция мақсаты – өркениет тарихындағы түркі жазуларындағы әдеби-тілдік мұра мен олардың заманауи мәдениет кеңістігіндегі ахуалын нығайту болып табылады.
Конференцияда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д. С.Н. Негимов, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасының профессоры, ф.ғ.к. Ж.З. Кадина, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессорлары, ф.ғ.к. Ә.Д. Әмренов пен ф.ғ.д. Бекен Сағындықұлы баяндама жасады. Сондай-ақ шараға Торайғыров университетінің профессорлары А.Қ. Тұрышев, С.Т. Елікбаев, зиялы қауым өкілдері, ҚХА этномәдени бірлестіктерінің төрағалары, облысымызға қарасты қала, аудандардардың өкілдері, Павлодар қаласына мектептері мен колледждерінің тарих, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері қатысты.
Конференция барысында түркі тілдес халықтарының мәдени мұрасы, жазба мәдениетінің тарихы, тіл және әдебиет тақырыптары кең талқыланды.
Шарада тіл саясатын жүзеге асыруға және ұлтымыздың рухани-мәдени құндылықтарын жандандыруда сүбелі үлес қосқан тұлғаларды басқарма басшысының алғысхатымен марапатталды.