Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалының директорының орынбасары Салтанат Ауппаева мәлімдеді. Оның айтуынша, 2020 жылы электрондық қызметтерді өз бетінше алу көрсеткіші артқан. Мәселен, 2019 жылы ХҚО арқылы 1 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, өткен жылы өңір тұрғындарына небәрі 728 мыңнан астам қызмет көрсетілген. Бұл азаматтардың қызметтерді онлайн ала бастағанының көрсеткіші. "Павлодар мен Екібастұз ХҚО-ларында өзіне-өзі қызмет көрсету секторларының ашылғанына қарамастан, тұрғындарды ХҚО-ға бармай-ақ, қызметтерді онлайн алуға шақырамын. EGovKzBot2.0 телеграм боты және Egovmobile сияқты мобильді қосымшалар арқылы 65-тен астам мемлекеттік қызмет пен сервисті онлайн пайдалануға болады. Ол үшін тек мобильді азаматтар базасында (МАБ) тіркелу немесе ЭЦҚ болуы қажет. МАБ-та тіркелу мен ЭЦҚ-ны да онлайн алуға болатынын естеріңізге саламын. ХҚО-да е-қызмет алушыларын бетперде тәртібін және ара қашықтықты сақтауды сұраймын", – дейді Ауппаева. Брифинг барысында спикер әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді проактивті түрде алу жолдары туралы да айтып берді. Қазіргі уақытта проактивті форматта асыраушысынан, еңбек ету қабілетінен, жұмысынан айырылу және мүгедектігі бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау сияқты қызметтерді рәсімдеуге болады. Сондай-ақ бала туу және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша, "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегері атанған көп балалы аналарға мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау қызметтерін смс арқылы алуға болады. Өткен жылы Павлодар облысында проактивті тәсілмен 5 880 қызмет көрсетілсе, жалпы филиал әлеуметтік сала бойынша 57 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсеткен. Өткен жылы облыс тұрғындары әлеуметтік төлемдерін уақытылы алып, ХҚО-лар жұмысының уақытша тоқтатылуына қарамастан, Egov порталындағы «Электрондық өтініштер» сервисі арқылы өтініш беріп, әлеуметтік қызметтерді кедергісіз алды. 2020 жылы облыстық филиал жер кадастры бойынша 120 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсеткен, сондай-ақ жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге филиалға 81 958 өтініш келіп түсті. Өткен жылы Павлодар облысы тұрғындары үшін ХҚО-ға бармай-ақ, жылжымайтын мүлік техпаспортын онлайн алу мүмкіндігі жасалды.