
Құрметті ұстаздар, педагогика саласының ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Ұстаздар Күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұстаз — келер күннің ұстасы. Балалардың қалыптасып келе жатқан дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі. Біздердің бүгінгі болмысымыз әліппені жаттатқызып, қолға қалам ұстатқан кешегі ұстаздарымыздың еңбегі. Ендеше, ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні — мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ.
Ұстаздың бүкіл ғұмыры мейірім нұрымен шашылған, халық және ел алдында рухани – адамгершілік борышын өтеуге арналған. Тұлғаның мінезін, сенімін білдіруде, адамдармен тілдесуде басты мағынаға тек Ұстаздың сөзі ие болады.
Сіздердің игі еңбектеріңіз қоғамда құрметке ие, ол жоғары кәсібилікті, орасан зор рухани жаңғыруды, даналықты, шыдамдылық пен жігерді талап етеді. Бүгін отандық білім беруді дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды басымдылықтардың қатарында тұр.
Өңірімізде аймақтық ғана емес, республикалық деңгейде жоғары баға көрсетіп жатқан дарынды, шығармашыл және тәжірибелі педагогтар аз емес.
Құрметті ұстаздар! Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. Осы жауапты қызмет жолындағы толымды еңбектеріңізге шын пейілмен алғыс айта отырып, сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Ізгі тілекпен,
Жанат Шұғаев, Ақсу қаласының әкімі