Биыл 1411 байланыс орталығы миллионға жуық әлеуметтік кеңес берді

Биыл 1411 байланыс орталығы  миллионға жуық әлеуметтік кеңес берді

«Азаматтарға арналған үкіметтің» әлеуметтік-еңбек саласы бойынша 1411 бірыңғай байланыс орталығы биылғы 9 ай ішінде азаматтарға 912  мыңнан астам консультациялық қызмет көрсетті.

Бұл орайда ең көп қойылған сауалдар 42 500 теңге әлеуметтік төлеміне (400 мыңнан астам), зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыруға (356 мыңнан астам), сондай-ақ әлеуметтік мекенжай көмегіне (50 мыңнан астам) қатысты болған.

Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мерекесі қазан айының соңғы жексенбісіне белгіленген. Бұл күн 2011 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің жарлығына сәйкес бекітілді. Қазіргі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар облысы бойынша филиалында  жұмыс істеп жатқан 764 адамның 134-і - әлеуметтік блоктың қызметкерлері.

«Корпорацияның әлеуметтік саладағы рөлі тек қана 1411 байланыс орталығымен шектелмейді. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру саласында төлемдердің 44 санаты бойынша 15 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Соның ішінде декреттік төлемдер, бала туу мен бір жасқа дейінгі күтімі бойынша жәрдемақылар, зейнетақылар мен басқа да әлеуметтік төлемдер бар», - деді облыстық мемлекеттік корпорациясының директорының орынбасары Ұлан Әшен.

Айта кету керек, биылғы 9 ай ішінде облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» әлеуметтік блогының мамандары 458 010 төлем жасаған. Кең тараған қызметтерге тоқталсақ, баланың тууы мен бір жасқа дейінгі күтіміне қатысты жәрдемақы – 8 689,  бір жасқа дейінгі бала күтіміне орай табысынан айрылған жағдайда тағайындалатын әлеуметтік төлем – 7 535, жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем – 5 287, жасына байланысты зейнетке шыққандар – 3 356.