Құтырма – аса қауіпті вирустық жұқпалы ауру, вакцинасыз жүйке жүйесін зақымдап, өліммен аяқталатын қатерлі ауру. Қатты сілекей ағу, агрессивті мінез – құлық, жүйке жүйесінің зақымдануы – құтырма вирусынан туындаған негізгі белгілер.
Жабайы жануарлар: қасқыр, түлкі және басқа да жабайы жануарлар, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарлары (ірі қара, ұсақ мал, жылқы, шошқа), үй жануарлары (ит, мысық) ауруды жұқтыру көзі болып табылады. Құтырмамен ауыратын ауру жануарлар тістегенде, тырнап алған кезде және олардың сілекейі тиген кезде адамдар құтырманы жұқтырады.
Бір қарағанда, жануардың ауру екенін байқау мүмкін емес. Жануарларда құтырма вирусы аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейін 3-10 күн бұрын сілекеймен бөлінуі мүмкін. Көп жағдайда адамдар: «Мені тістеп алған ит сау болатын, сондықтан дәрігерге барудың қажеті жоқ», – дейді, мұндай жағдайда медициналық көмекке уақтылы жүгінбеу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.
Аурудың жасырын кезеңі 7 күннен 1 жылға дейін және одан да көп уақытқа созылады. Жасырын кезеңнің ұзақтығы жарақатқа, зардап шеккен адамның жасына (ересектерге қарағанда балаларда қысқалау) және жануардың түріне байланысты.
Аурудың алғашқы белгілері: тістеген жерлердегі қышу, жазыла бастаған жара мен тыртықтың қабынуы. Құтырмамен ауырған адам тұйық, адамдармен қарым-қатынастан аулақ болады, ұйқысы бұзылып, жалпы әлсіздік пайда болады. Аурудың бастапқы кезеңінен кейін дене қызуы көтеріледі, гидрофобия (судан қорқу) пайда болады, суды көргенде немесе тіпті су туралы ойлағанның өзінде жұтыну бұзылысы болады. Көп ұзамай аэрофобия қосылады, науқаста ауаның кез келген күрт қозғалысы тұншығумен бірге тырысу ұстамаларын тудырады. Ұстамалар жарқын жарықтан (фотофобия), қатты дыбыстан (акустикофобия) туындауы мүмкін. Ұстама соңында аузынан қатты сілекей бөлінеді. Өлім кенеттен жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу орталығының салдануынан (паралич) болады. Аурудың орташа ұзақтығы – 3-8 күн.
Құтырманың алдын алу үшін - иттен немесе басқа жануарлардан жарақат алған адамдар жарасын сабынды сумен молынан жуып, дереу медициналық пункттегі дәрігерге қаралу керек. Барлық медициналық ұйымдар алғашқы медициналық көмек көрсетуге міндетті.
Травматология пункттерінде немесе хирургия кабинеттерінде құтырмаға қарсы екпе салынады, ол 3 немесе 6 екпеден тұрады. Жарақат алған адамдарға екпеден бас тарту қауіпті. Антирабиялық вакцина салғаннан кейін асқыну болмас үшін 6 ай бойы ішімдік ішуге тыйым салынады.
Құтырмаға қарсы негізгі профилактикалық іс-шаралар: қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және ату, оларды ұстау ережелерін сақтау (тіркеу, тұмсыққаптарды қолдану, байлап ұстау және т.б.), сондай-ақ үй жануарларын, бірінші кезекте иттер мен мысықтарды құтырмаға қарсы жыл сайын міндетті профилактикалық егу.
Естеріңде болсын, құтырма ауруының алдын алуға болады.