
АӘК – бұл жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен адамдарға немесе отбасыларға берілетін мемлекеттік көмек.
Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі Әлеуметтік кодексінің 11-тарауының 120-бабына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек ай сайынғы жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.
Кедейлік шегін жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде есептейді.
Мемлекеттік қызмет толықтай автоматтандырылған және цифрландырылған.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 11-тарауының 123-бабына сәйкес өтініш беруші атаулы әлеуметтік көмек алу құқығын әр тоқсан сайын растап отырады.
Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға уәкілетті орган облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада белгіленген кедейлік шегі мен жан басына шаққандағы орташа табыс арасындағы айырма ретінде, отбасының әрбір мүшесіне есептеу арқылы анықтайды.
Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде есептік кезең ішінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде алынған барлық табыс түрлері ескеріледі, оның ішінде:
еңбек ақы және әлеуметтік төлемдер түрінде алынатын табыстар;
балаларға және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінде көрсетілген тұлғаларға төленетін алимент түріндегі табыстар;
жеке қосалқы шаруашылықтан (мал мен құс өсіру, бау-бақша және көкөніс өсіруді қамтитын) алынатын табыстар;
кәсіпкерлік қызметтен алынатын табыстар;
жылжымайтын мүлік пен көлік құралдарын жалға беруден немесе сатудан алынатын табыстар;
бағалы қағаздардан түсетін табыстар;
жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын және басқа да мүлікті сыйға алу немесе мұраға алу арқылы алынған табыстар;
кредитті (микрокредитті) пайдаланудан алынған табыстар;
өтеусіз алынған ақша түріндегі табыстар;
ақша салымдары мен депозиттер бойынша сыйақылар түріндегі табыстар;
ақша аударымдары түріндегі табыстар;
конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), фестивальдерде, лотереяларда, ұтыс ойындарында, сондай-ақ салымдар мен борыштық бағалы қағаздар бойынша алынған заттай және (немесе) ақшалай ұтыстар;
құрамында 4 және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысудан алынған табыстар (Бағдарлама шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушыларға төленетін біржолғы көшу төлемін қоспағанда);
тұрғын үй заңнамасына сәйкес қарыздың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабуға арналған тұрғын үй сертификаттарының сомасы;
интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына және қаржыландыру көзіне қарамастан басқа да білім алушыларға төленетін стипендиялар және басқа да табыстар.