"Дипломмен – ауылға!": Осакаров ауданында жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға көмек көрсетілуде

"Дипломмен – ауылға!": Осакаров ауданында жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға көмек көрсетілуде

Осакаров ауданында жыл басынан бастап "Дипломмен – ауылға!" бағдарлама бойынша 20 маман бір реттік көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға 33 бюджеттік несие алды.

Бүгінде ауданда кадр тапшылығы мәселесі өткір тұр. Жұмысшы мамандықтарынан басқа білікті дәрігерлер мен мұғалімдер жетіспейді. Бұл проблеманы шешуге мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мүмкіндік береді. Олардың бірі – "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы педагогтарға, дәрігерлерге, мәдениет және спорт қызметкерлеріне жақсы демеу болып табылады. Жастарды жұмыспен қамтамасыз ете отырып, мемлекет те әлеуметтік қолдау көрсетеді.

Людмила Белоусова оқуды бітіргеннен кейін бірден Осакаровкаға келді. Аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне медбике болып жұмысқа орналасты.

 

– Биыл "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасының арқасында тұрғын үй сатып алуға көтерме және несие алдым, – дейді Людмила. – Қолайлы үй тауып, сатып алдым. Жақында менің отбасым қоныс тойын тойлады. Жас мамандар үшін мұндай бағдарламалар көбірек болса жақсы болар еді, өйткені бұл мемлекеттен айтарлықтай қолдау. Шынымды айтсам, мен өз үйіме ақша таба алмас едім.

Осакаровка кентінің №1 тірек мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Мұратбек Айғанат Нұр-Сұлтанда білім алды. Ол да "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасын пайдаланды. Жәрдемақы алғаннан кейін жеңілдетілген несиеге өтініш беруге шешім қабылдаған. Мұратбек Айғанат қазір бақытты үй иесі.

– Мен жас мамандарды қолдаудың осындай бағдарламасы бар екеніне қуаныштымын, – дейді Мұратбек Айғанат. – Менің жақсы жұмысым, тамаша ұжымым, ал қазір өз үйім бар. Мен ол жерге ата-анаммен бірге көшіп келдім.

2009–2021 жылдар аралығында Осакаров ауданында "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы бойынша 590 адам жұмыспен қамтылды. Көтерме жәрдемақыдан басқа, 341 жас маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алды.