«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» республикалық байқауының облыстық кезеңін ұйымдастыру және өткізу ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы ереже мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерінің арасында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» республикалық байқауының облыстық кезеңін (бұдан әрі – Байқау) ұйымдастыру және өткізу ретін, қатысу шарттарын, сондай-ақ жеңімпазды, жүлдегерлерді анықтау тәртібін белгілейді.
2. Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
3. Байқаудың міндеті – мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдерін анықтау, мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді азаматтарды ынталандыру.
2. Байқауды ұйымдастыру тәртібі
4. Байқауды ұйымдастырушы – Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы (бұдан әрі – Басқарма).
5. Байқауды өткізу туралы хабарландыру 2026 жылғы 1 сәуірге дейін Басқарманың интернет-ресурсы мен әлеуметтік желісіндегі ресми парақшаларына орналастырылады.
6. Байқауға қатысушылардың жұмысын бағалау және жүлдегерлерді анықтау үшін қазылар алқасы құрылады.
7. Қазылар алқасы үміткерлерді бағалау платформасы арқылы анықтайды.
8. Қазылар алқасының құрамына 3 адамнан тұратын филолог мамандар кіреді.
3. Байқауға қатысу тәртібі
9. Байқауға облыстың аудандарында, Петропавл қаласында іріктеуден өткен, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілдері қатысады.
10. Республикалық кезеңге қатысуға өтінім (аудан, қала 1 адам) тіл саласына жауапты құзыретті органның бірінші басшысының қолымен ұсынылуы тиіс.
11. Байқауға қатысу үшін 2026 жылғы 15 сәуірге дейін «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» республикалық байқауының облыстық кезеңі байқауына деген белгімен қол қойылған және сканерлеген өтінімді келесі құжаттармен бірге жолдайды: 1) осы ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша толтырылған өтінім; 2) әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook, TikTok) #memlekettiktil хештегімен жарияланған, жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып әзірленген аудиовизуалды өнім сілтемелерімен; 3) өз саласында мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған жоба;
12. Ереженің 11-тармағында көрсетілген мерзімнен кейін Байқауға қатысу үшін ұсынылған өтінімдер қабылданбайды.
13. Байқауға ұсынылған материалдар кері қайтарылмайды.
14. Байқау нәтижесі бойынша марапаттау рәсімі 2026 жылы мамыр айында Петропавл қаласында өтеді.
4. Байқау кезеңдері
15. Байқау екі кезеңнен тұрады:
1) «Үздік цифрлы контент» – жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып әзірленген, әлеуметтік желілерде (Instagram, Facebook, TikTok) #memlekettiktil хештегімен жарияланған сапалы әрі мазмұнды аудиовизуалды өнім;
2) «Қазақ тілін үйренудегі тиімді әдістер» – қазақ тілін меңгеруге арналған тиімді әдістерді көрсетуге, жеке тәжірибесімен бөлісуге және қазақ тілін күнделікті өмірде және кәсіби ортада қолдануды арттыруға бағытталған нақты жоба;
5. Аудиовизуалды өнімге қойылатын талаптар
16. Аудиовизуалды өнімге мынадай талаптар қойылады:
1) ұзақтығы 2 минуттан 3 минутқа дейін кемінде бір видео;
2) контент мемлекеттік тілде ұсынылуы тиіс;
3) материал әлеуметтік желілерде ашық қолжетімді болуы қажет;
4) авторлық құқық талаптары сақталуы тиіс.
6. Жобаға қойылатын талаптар
17. Байқауға ұсынылатын жобалар төмендегі бағыттардың бірі бойынша әзірленуі керек:
1) қазақ тілін күнделікті өмірде немесе кәсіби ортада қолдануды арттыруға бағытталған бастамаларды ұсыну;
2) қазақ тілін меңгеруге арналған тиімді әдістерді ұсыну;
3) қазақ тілін үйренудегі жеке тәжірибеге негізделген әдістерді ұсыну.
7. Бағалау өлшемшарттары
18. Байқау материалдары мына өлшемшарттар бойынша бағаланады:
1) тақырыпқа сәйкестік;
2) ақпараттың өзектілігі, нақтылығы және шынайылығы;
3) мәселені талдау тереңдігі;
4) материалды ұсыну шеберлігі;
8. Байқау қорытындысы туралы
19. Байқау жеңімпазы мен жүлдегерлері арнайы дипломдар және Басқарма бекіткен жүлде қоры мөлшерінде қаржылай сыйлықтармен марапатталады. Қалған қатысушылар алғысхаттар және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады.
20. Байқаудың жеңімпазы мен жүлдегерлері туралы ақпарат Байқау аяқталғаннан кейінгі 3 жұмыс күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады және Басқарманың интернет-ресурсына орналастырылады. Байланыс телефондары: 8(7152) 361044.