Президенттік жастар кадр резервінің әлеуеті зор

Президенттік жастар кадр резервінің әлеуеті зор

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Президенттік жастар кадр резервін жасақтау қажеттігі туралы бастама көтеріп, бұл тапсырманы  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік  қызмет істері агенттігіне  жүктеді.  Содан бері Агенттік аталған жобаны табысты жүзеге асырып келеді.

Бұл бастама  жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне белсенді түрде тартуға, олардың мемлекеттік қызметтегі үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, мемлекеттік қызмет қол жетпейтін салаға айналмауға тиіс. Ел басқару ісіне озық ойлы, бастамашыл мамандар келуі қажет. Президенттің көздегені – осы.

Осы уақытқа дейін үш іріктеу өткізілді. Атап айтқанда, 2019, 2021 және 2023 жылдардағы іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытты, олардың нәтижелері бойынша резервке 400 адам қабылданды (2019 жылы – 300 адам, 2021 жылы – 50 адам, 2023 жылы-50 адам).

Резервке алынған 400 адамның 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда жұмыс істеуде, яғни жалпы санының 80%-ы жұмысқа орналастырылды.

Биыл 1 маусымнан бастап   25 қазан аралығында Президенттік жастар кадр резервіне кезекті төртінші іріктеу өткізілуде.

Кандидаттарға қойылатын жалпы талаптар бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары сияқты, яғни, кандидаттардың жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес болуы туралы талаптар сақталды.

Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады (I кезең - Құжаттарды қабылдау және кандидаттарды тексеру,  II кезең - Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, III кезең - Ситуациялық тапсырмаларды шешу, IV кезең - Құзыреттерді бағалау және құзыреттер бойынша сұхбат, V кезең - Сарапшылық комиссияда әңгімелесу, VІ кезең - Ұлттық комиссия отырысы).

Қазіргі таңда  Қарағанды облысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне іріктеудің  I кезеңіне 862  азамат құжат тапсырып, оның ішінде 311 адам іріктеудің ІІ кезеңіне өтуге жолдама алған.

Сонымен қатар, Резервке кандидаттар іріктелетін алты салалық бағыты бойынша («әлеуметтік саясат, азаматтық қоғам», «инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты», «экономикалық және қаржылық саясат», «цифрландыру», «агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау», «сыртқы саясат және инвестициялар») қарастырылатын болады.

Осы жылдағы төртінші іріктеудің ерекшелігі де осы – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізілмек. Яғни резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізіледі.

Іріктеуге Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер,  «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері жіберілмейді.

Президенттік жастар кадр резервін жас мамандардың өздерін жан-жақты көрсетуіне, білімі мен әлеуетін пайдаланып, мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда жауапты лауазымдарға көтерілуіне жол ашатын әлеуметтік лифт деуге болады. Жоба – заманауи әрі болашағы зор, еліміздің кадр саясатына серпін беретін ауқымды бастама.

Сондықтан, еліміздің дамуына үлес қоса алатын білімді, білікті, белсенді жастарға мемлекеттік қызметтің есігі әрдайым ашық.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің  Қарағанды облысы

бойынша  департаментінің

басшысы,Әдеп кеңесінің төрағасы

Ж.Сәрсен.