Мемлекеттік жастар сыйлығы «Дарын» байқауы басталды

Мемлекеттік жастар сыйлығы «Дарын» байқауы басталды
Мемлекеттік жастар сыйлығы «Дарын» жыл сайын дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларындағы жемісті еңбегі, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін тағайындалады.
Байқау 10 номинация бойынша өтеді:
«Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы».
Сыйлыққа үміткерлер – өтінімдерді қабылдау аяқталған күнге дейін 35 жасқа толмаған, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен көрмелердің лауреаттары, республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ қызметі инновациялық сипатқа ие және тиісті саланың, қоғамның дамуына үлес қосып жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары бола алады.
«Дарын» жастар сыйлығына үміткерлерді орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен Қазақстан Республикасы аумағында тіркелген өзге де заңды тұлғалар ұсынады. Үміткерлер келесі құжаттарды қағаз және электрондық түрде тапсырады:
үміткердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысандағы Мемлекеттік жастар сыйлығы «Дарын» байқауына қатысуға тіркеу өтінімі;
үміткердің жетістіктері туралы ұсыным хат пен анықтама;
марапаттау дипломдарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері (бар болған жағдайда);
үміткердің немесе ол туралы мақалалар мен жарияланымдардың көшірмелері (бар болған жағдайда);
банктік шоттың бар екендігі туралы анықтама көшірмесі;
үміткердің жетістіктерін растайтын материалдар (бар болған жағдайда).
Сыйлық иелеріне «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағы беріліп, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйлық табысталады.
«Дарын» сыйлығы 1992 жылы құрылған. Осы уақыт ішінде әр түрлі саладағы 360-тан астам адам осы сыйлықтың иегері атанды.
Үміткерлердің құжаттары (қағаз түрінде) 2025 жылғы 26 маусымнан бастап 27 тамызды (қоса алғанда) дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінде келесі мекенжай бойынша қабылданады: Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, «Министрліктер үйі» ғимараты, 14-кіреберіс. Электрондық нұсқасы: premiya.daryn@mki.gov.kz электрондық пошта арқылы жіберіледі.
Анықтама үшін байланыс телефондары:
8 (7172) 74-05-25,
8 (7172) 74-18-43,
8 701 170 46 54
(жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін).
Мемлекеттік жастар сыйлығы «Дарын» тағайындау ережелері: https://www.gov.kz/.../mam/documents/details/861853...