2026 жылғы 1 тамыздан бастап Тайынша ауданында «Мектепке жол» республикалық акциясы басталады. Акцияның мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы, тұрмысы қолайсыз отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ әлеуметтік себептерге байланысты балалардың мектепке келмеуінің алдын алу. Облыстың білім беру ұйымдарында оқушыларды жаңа оқу жылына даярлауға көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Көмекке мұқтаж балалардың дерекқоры жасақталған. Азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою мақсатында «жедел желі» және «сенім телефондары» ұйымдастырылған. Сонымен қатар, демеушілерді, әлеуметтік әріптестерді, мемлекеттік құрылымдарды қайырымдылық көмек көрсетуге тарту жұмыстары жүргізілуде. Айта кету керек, республикалық акция күнтізбелік жыл бойы жалғасады. Балаларды мектепке даярлауға көмек көрсеткісі келетін азаматтар Тайынша аудандық білім бөліміне 2-12-59 телефоны арқылы немесе тұрғылықты жері бойынша тікелей білім беру ұйымына жүгіне алады.
