
Әкімдіктің мәжіліс залында ауданның азаматтық қоғам белсенділерімен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасына арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті.
Жиынға аудан әкімі, облыстық ақпараттық топтың мүшелері, аудандық мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев, ауданнан құрылған ақпараттық топ мүшелері, мәслихат депутаттары, мекеме басшылары, ардагерлер, Қоғамдық кеңес және «AMANAT» партиясының төрағалары және білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Кездесуде аудан әкімі елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық жаңғырудың мән-мағынасына тоқталып, жаңартылып отырған Ата Заңның негізгі ұстанымдары мен қоғам үшін берер мүмкіндіктерін түсіндірді. Аталған өзгерістердің мемлекет дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын айтты. Сонымен қатар, негізгі заңға ұсынылып отырған өзгерістер Конституцияның 77 бабын қамтитынын, бұл Ата Заң мәтінінің 84 пайызын құрайтынын атап өтті.
Жиын барысында облыстық ақпараттық топтың мүшелері кеңейтілген өкілеттілікке ие бір палаталы Парламент – Құрылтайдың, жалпыұлттық диалог алаңы – Қазақстанның Халық Кеңесінің құрылуы сынды басты жаңашылдықтарға тоқталды.
Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітілетінін, ел бірлігі, ынтымақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, егемендік пен аумақтық тұтастық негізгі құндылықтар ретінде айқындалғанын, сонымен қатар, әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары қамтылып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі ретінде танылатынын жеткізді.