Неліктен жасөспірімдер түнгі ауысымда жұмыс істейді: Жамбыл облысында комиссия шараларды қатаңдатуды талап етті

Неліктен жасөспірімдер түнгі ауысымда жұмыс істейді: Жамбыл облысында комиссия шараларды қатаңдатуды талап етті

Комиссия кәмелетке толмағандарды заңсыз жұмысқа тарту жағдайларын азайту мақсатында ата-аналар мен жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың еңбегін заңсыз пайдалану мәселесі талқыланған кезекті комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жиында жасөспірімдердің құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түнгі уақытта жұмыс істеуге тартуға қатысты заң талаптарының сақталуы мәселелері көтерілді.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың айтуынша, түнгі уақытта жұмыс істейтін кәмелетке толмағандардың басым бөлігі – студенттер, алайда олардың арасында мектеп оқушылары да бар.

> «Жұмыс уақытының кеш аяқталуы жасөспірімдердің құқықбұзушылыққа бару немесе қылмыстың құрбанына айналу қаупін арттырады. Бала қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана жауапты. Сондықтан олар өз баласының қайда, немен айналысып жүргенін бақылауы қажет», – деді ол.