Жамбыл облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Байзақ ауданының Ақшолақ елді мекені маңында заманауи қант зауытының құрылысы басталды. Салтанатты рәсімге ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, аудан әкімі Олжас Баққараев қатысты.
Бұл Қазақстанда тәуелсіздік жылдары салынып жатқан алқашқы қант зауыты. Жобаның инвесторы – қытайлық Zhongkai Guoyuan Industrial Investment Co., ал технологиялық серіктесі – Oushangyuan Process & Equipment Intelligent Co.
Елдің қант импортына тәуелділігін азайту (импортты алмастыру), жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың еңбекпен қамту, салықтық түсімдерді көбейту және өңірлік бюджетке қосымша кіріс қалыптастыру мақсатын көздейтін ауқымды жобаға салынатын инвестиция көлемі 109 млрд. теңгені құрайды. Кәсіпорында 350-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобалық қуат жылына 1 млн. тонна қант қызылшасын өңдеп, шамамен 120 мың тонна қант, сондай-ақ меласса мен жом сияқты қосалқы өнімдер өндіруге мүмкіндік береді.
Жобаның жүзеге асуы Қазақстанның ішкі нарығын қантпен толық қамтамасыз етіп, елдің импортқа тәуелділігін айтарлықтай төмендетпек.«Zhongkai Kazakhstan International Sugar Industry Company» компаниясының бас директоры Сяо Анбаоның айтуынша, Жамбыл облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға қолайлы жағдайлар мен кең мүмкіндіктер бар.
Жаңа зауыттың құрылысы агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың маңызды қадамына айналып, қант қызылшасы өндірісін сапалы жаңа деңгейге көтереді.
Өңірдегі шаруа қожалықтары зауытты шикізатпен толық қамтуға дайын екендіктерін білдірді.
Айта кетейік, өндірілген өнімдер ішкі нарықта, экспорт арқылы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан (трансшекаралық сауда), перспективалық экспорттық бағыттар бойынша Ресей және Қытайға «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі арқылы жүзеге асырылады.