ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫ ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДА

ГЕНДЕРЛІК САЯСАТТЫ ҚОЛДАУ БАҒЫТЫНДА

Қоғамның қай саласын болсын, әйелдер қауымынсыз елестету әсте мүмкін емес. Белсенді қыз-келіншектер билікте де, бизнесте де ер азаматтармен қатар иық тірестіріп, табысты еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, нәзік жанды арулар сайлаушылардың да сеніміне ие болып, жергілікті мәслихаттың мінберлерінен маңызды мәселелерді көтеріп жүр.
Бүгінгі таңда, мемлекеттік қызметшілердің 43,2% (80 адам) үлесін әйел азаматтары құраса, оның басшылық лауазымдағы 16,6%-ды (3 адам) құрап отыр. Аудан бойынша мәслихаттағы 17 депутаттың 23,5% әйелдерге тиесілі болса, аудандағы 2 бөлімді, 1 ауылдық округті нәзік жандылар басқарып келеді.
Әйелдер арасында кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, гранттар мен жеңілдіктер ұсынылып, бизнес бастауға қажетті тренингтер, қаржылық және маркетингтік білім беруге бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осындай қолдаулар арқылы қолынан іс келетін жандарды шағын және орта бизнеске, кәсіпкерлікті дамыту мен жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға баса назар аударылуда.
Байзақ ауданындағы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылғандар саны 6131 адам болса, оның ішінде 3562-сі әйел (58,1%) азаматы.
Әйелдер арасында өз кәсібін ашып, бизнеспен айналысу белсенділігі артып келеді.
Биыл 135 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес 135 адам грант ұтып алды. Оның ішінде 79-ы әйел азаматы (58,5%). Сонымен қатар, грант алған 135 азаматтың санаттары бойынша: көпбалалы отбасы мүшелері 91 адам, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар 21 адам, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған 16 адам, асыраушысынан айырылған жағдайда төлем алушылар 4 адам, атаулы әлеуметтік көмек алушы 2 адам және қандас азаматтар 1 адам.
Гендерлік саясатты қолдау мақсатында, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы нәтижелі жұмыс атқарып келеді.
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, әйелдер құқығын арттыру және психологиялық, құқықтық кеңестер беру мақсатында, ауданда «Отбасын қолдау орталығы» ашылып, өз жұмысын атқаруда.

Ақпараттық медиа орталығы.