ТУРИЗМ – ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУДЫҢ ӨРІСТІ ЖОЛЫ

ТУРИЗМ – ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУДЫҢ ӨРІСТІ ЖОЛЫ

Туризм - адамдардың қарым-қатынасын, танымдық қабілетін арттырып, ел экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, ел мәртебесін әлемге танытуға мүмкіндік туғызады.
Туризм саласы бүгінгі күні экономиканың маңызды салаларының бірі болып табылады. Ол елдің ішкі және сыртқы нарықтарында экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналып, жұмыс орындарын құруға, инфрақұрылымның дамуына, мәдениет пен дәстүрлерді насихаттауға ықпал етеді.
Қазақстанда да туризм саласы даму үстінде және соңғы жылдары осы салада бірқатар жұмыстар атқарылды. Таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы елдегі туризмді дамыту экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, ел Президенті бұл салада әрбір өңірдің даму перспективасы бар екендігіне де тоқталды.
Байзақ ауданында туризмді дамытуға бағытталған бірнеше жобалар жүзеге асырылуда. Жолдардың сапасын арттыру, қонақ үйлер мен демалыс орындарын салу, туристік нысандарды жақсарту жұмыстары қолға алынды. Аудан аумағында орналасқан «Отырар», «Караван Сарай», «Жібек жолы» сынды қонақ үйлерге «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ы ресми арнасының автожолдардағы ахуалы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, QR код жабыстырмалары орнатылған. Сондай-ақ, қонақ үйлерге «E-qonaq» жүйелік жұмысын орнату қолға алынған.
Байзақ ауданы арқылы Жамбыл ауданының аумағында орналасқан «Алмалы resort» демалыс орталығына өтетін жолды қалпына келтіру үшін конкурсқа берілген.
Туризмді дамыту – бұл тек экономикалық пайда көзі ғана емес, сонымен қатар, еліміздің тарихы мен мәдениетін сақтаудың бірден-бір жолы. Ауданды көркейту – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Қанат Телеуов,
аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы.