Жұмысшы мамандықтар жылы аясында кәсіби бағдар беру, кадрларды даярлау бойынша біршама жобалар жүзеге асырылуда. Осы ретте, аудан орталығындағы Сарыкемер мектеп-гимназиясында «Кәсіптік бағдар беру орталығы» ашылды. Бұл жас ұрпақты еңбекке баулуға және кәсіптік бағдарлауға бағытталған маңызды қадам. Аталмыш бастама әсіресе мектептер үшін үлкен маңызға ие. Мектеп-гимназия ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары қатысқан шарада аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадина Сейтқазина, білім бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Сейдаханов ашылғалы отырған оңды іске ризашылықтарын білдірді. Олар аталған орталықтың оқушылардың болашақ мамандықтарын таңдауларына дұрыс бағыт-бағдар алуына мол мүмкіндік туғызатынын атап өтті. Жиын барысында 10,11- сыныптың білім алушылары көрсеткен шағын көрініс арқылы оқушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алғандай болды. Кәсіптік бағдар беру орталығының лентасы қиылған соң, қонақтарды мектеп-гимназия директорының орынбасары Динара Жұмабаева орталық жұмысымен таныстырды. Мұнда ауданымыздағы өндірілетін өнімдер, қазіргі таңдағы сұранысқа ие мамандықтар, жоғары оқу орындары мен колледждер туралы мәліметтер алуға болады. Бір сөзбен айтқанда, оқушылар қандай мамандықты таңдаса, сол туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік мол. Сондай-ақ, шара барысында гимназиядағы технология пәні мен үйірмелер оқушыларының шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды.
Ақпараттық медиа орталығы.