
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында апта сайын ауданымыздың барлық елдімекендерінде сенбіліктер ұйымдастырылуда. Сенбі күндері ауыл тұрғындары сенбілікке ұйымшылдықпен қатысып, ауылдарын тазалау, саябақтарды ретке келтіру, қураған ағаштарды кесу тәрізді жұмыстармен айналысуда.
Апта сайын аудан әкімі Олжас Баққараев тиісті мамандарымен бірге кестеге сәйкес ауылдарда өтіп жатқан сенбіліктерге қатысуда. Өткен аптада аудан басшысы Темірбек ауылдық округіне қарасты Тегістік, Сарыбарақ, Шахан ауылдарында болып, ауыл тұрғындарымен жұмыс үстінде кездесті. Олар ауылдағы мектеп бітіргендеріне 20, 30 жыл болған түлектердің соғып берген саябағын тазалау жұмыстарымен айналысуда екен. Аудан әкімі олардың жұмысына ризашылығын білдірді.
Қай ауылда болмасын ауыл көшелерінің тазалығы мен реттілігі тұрғындардың бірлігі мен ортақ іске деген жауапкершіліктерін көрсетеді. «Ауылына қарап, азаматын таны»- деген сөз осындай таза, көгерішке бай, көркем де сәулетті ауылдарға байланысты айтылса керек. Демек, қай ауыл болмасын көрер көзге тартымды, таза болуы қажет.
Елдімекендерді абаттандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын күшейту, әсіресе халық көп жиналатын қоғамдық орындарды үнемі таза ұстау керектігі айтпаса да түсінікті.
Алайда округтегі аталған саябақ ішін шөп басып кеткен екен. Аудан басшысы ауылдарды таза ұстау, саябақтағы өсіп кеткен шөптерді шауып, тал, гүл егу қажеттігін баса айтты.
Міне осындай қоғамдық орындар ғана емес әркім өз көшесін, өз үйінің маңайын таза ұстау қажеттігіне басымдық беруі керектігі айтылды. Бұл ретте өз үйлері ғана емес өз үйінің айналасындағы 5 метр аумақтың тазалығына да жауапты екендігін еске салды. Ал мұндай тазалық жұмыстарына ауылдағы тиісті адамдар ғана емес ауыл халқын ұйымдастыру керектігі айтылып, мұндай жұмыстардан ауыл жастары да шет қалмауын ескертті. Округ әкімі Артур Утебаевқа ауылдардың тазалығына байланысты нақты тапсырмалар берді.
Сапар барысында аудан басшысы Олжас Елебекұлы алдағы саяси науқан - Құрылтай сайлауына байланысты ауылдардағы сайлау учаскелері орналасқан ғимараттарға да соғып, олардың тазалығы, техникалық жабдықталуы, өрт қауіпсіздігі мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жағдайлардың қарастырылуы, басқа да дайындық жұмыстарымен танысты.
Ауылдың ажары мен тұрғындар өмірінің сапасы тазалыққа тікелей байланысты. “Тазалық - денсаулық кепілі”. Сондықтанда ауылдың таза болуы - ауыл халқының денсаулығы жақсы болып, ұзақ өмір сүрулеріне де пайдасы тиері анық.
Тазалық қоқыс тастамау, суды үнемдеу, демалыс орындарының тазалығын сақтап, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудан басталады. Қоршаған ортаның тазалығы мен тұрақты дамудың халықтың игілігіне тигізер пайдасы мол.
Тазалықты сақтау бір күндік науқан емес, күнделікті дағдыға айналуы тиіс. Демек, осы қағиданы әрбір ауыл тұрғыны берік ұстанулары керек-ақ.
Айнала мұнтаздай таза болса, біріншіден, туған жердің экологиясына пайда, екіншіден, тұрғындардың қоғамдық жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді.