Конституциялық Сот: бірқатар лауазымды тұлғаларды тағайындау немесе сайлау кезінде жаңа Ата Заңның нормалары қолданылады

Конституциялық Сот: бірқатар лауазымды тұлғаларды тағайындау немесе сайлау кезінде жаңа Ата Заңның нормалары қолданылады

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН


Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабының 1-тармағын,
72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және
84-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы


Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова,
судьялар Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин,
Б.М. Нұрмұханов, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда
өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің
2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының
43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының
1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы
өтінішін қарады.
Баяндамашылар – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының
судьялары С.Ф. Ударцевті, Қ.Т. Жақыпбаевты және Қ.С. Мусинді тыңдап,
конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан
Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып,
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты


анықтады:


Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев Қазақстан
Республикасы Конституциясының 73-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына
сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына
(бұдан әрі – Конституциялық Сот) 2026 жылғы 15 наурыздағы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабының 1-тармағын,
72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және 84-бабының
3-тармағын:
«лауазымын 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының
Конституциясына сәйкес атқарып келе жатқан адамдар 2026 жылғы
15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабы
1-тармағында, 72-бабы 2 және 3-тармақтарында, 83-бабы 1-тармағында, 84-бабы
3-тармағында көрсетілген қызметке сайлана ала ма не лауазымға тағайындала
ала ма?» деген сұраққа жауап беріп, ресми түсіндіру туралы өтініш жолдады.
Негізгі Заңның нормаларына талдау жасай келе, өтініш нысанасына
қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданып,
2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының
Конституциясы (бұдан әрі – Негізгі Заң, Конституция, қолданыстағы
Конституция) мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірін,
құқықтары мен бостандықтарын іске асыру және қорғау кепілдіктерін күшейте
отырып, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне көшуді көздейді.
Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы,
аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейтін конституциялық
құндылықтар санатына жатқызылды. Әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары,
Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары
конституциялық деңгейде бекітілді.
Қолданыстағы Конституция халық билігінің негіздерін нығайтты және
онда Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және
Егемендік иесі деп белгіленді (4-баптың 1-тармағы). Негізгі Заң бір палаталы
Парламент – Құрылтайды құру, Вице-Президент лауазымын енгізу, Үкіметтің
рөлі мен жауапкершілігін күшейту, Қазақстан Халық Кеңесін құру,
құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және құқық қорғау институттарының
тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды бекіту арқылы бірыңғай
мемлекеттік биліктің ұйымдастырылу жүйесін жаңғыртты. Мемлекеттік билікті
монополияға айналдыруға жол бермейтін қосымша құқықтық құралдар енгізілді.
Азаматтардың тікелей ерік білдіруі арқылы ең жоғары заңды күшке ие
болған Негізгі Заң осылайша қоғам мен мемлекеттің одан әрі эволюциялық
дамуына құқықтық негіз қалады.
2. Қолданыстағы Конституция бір адамның тиісті лауазымды атқаруына
бір реттік өкілеттік мерзімді бекітеді.
Мәселен, 43-баптың 1-тармағында Конституцияға сәйкес бір адам
бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана
алмайды деп белгіленді.
Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Конституциялық Сот
Төрағасы немесе судьясы болып тағайындалмайды (72-баптың 2 және
3-тармақтары).
83-баптың 1-тармағында Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық
Жоғарғы Сот Төрағасы болып тағайындалмайды деп айқындалды.
Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Бас Прокурор болып
тағайындалмайды (84-баптың 3-тармағы).
Осы конституциялық ережелердің барлығында «Конституцияға сәйкес»
деген сөздер қолданылып, жоғарыда аталған қызметке сайлау
не лауазымға тағайындау мәселелері қолданыстағы Конституциямен және
оған қайшы келмейтін Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі
дегенді білдіреді.
Аталған конституциялық нормалардың мазмұнынан оларда белгіленген
шектеулер адамның тиісті қызметке алдыңғы сайлану не лауазымға алдыңғы
тағайындалу фактісімен дәл осы қолданыстағы Конституцияда және оның
негізінде қабылданған нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіпте
байланысты болатыны шығады.
Конституциялық Сот Конституция мемлекеттің 2026 жылғы 15 наурызда
республикалық референдумда тікелей халық қабылдаған және мемлекеттік
билікті ұйымдастырудың жаңартылған жүйесін бекіткен Негізгі Заңы болып
табылады дегенді негізге алады.
Конституцияның 43-бабының 1-тармағында, 72-бабының 2 және
3-тармақтарында, 83-бабының 1-тармағында және 84-бабының 3-тармағында
белгіленген шектеулер қолданылған жағдайда 1995 жылғы 30 тамыздағы
Қазақстан Республикасының Конституциясы (бұдан әрі – 1995 жылғы
Конституция) қолданыста болған кезеңде лауазымдарда болу мерзімдерін
немесе тиісті қызметке сайлау не лауазымға тағайындау фактілерін есепке алуды
көздейтін ережелерді Конституция қамтымайды.
Қазақстан Республикасы азаматтарының аталған лауазымдарды атқаруға
қатысты конституциялық құқығын шектеу екіұштылыққа апармай, нақты болып
бекітілуге тиіс және ол кеңінен түсіндіру арқылы белгіленбеуге тиіс.
Қолданыстағы Конституцияда 1995 жылғы Конституция қолданыста болған
кезеңдегі мерзімдерді немесе сайлау не тағайындау фактілерін есепке алу туралы
тікелей нұсқаудың көрсетілмеуі осы лауазымдарды атқарып жүрген адамдарға
тиісті шектеулердің қолданылу мүмкіндігін жоққа шығарады.
Демек, адамның аталған лауазымдардың бірін 1995 жылғы Конституцияға
сәйкес атқару фактісі Конституция күшіне енгеннен кейін оны тиісті қызметке
сайлауға не лауазымға тағайындауға Негізгі Заңда көзделген конституциялық құқықтық кедергі болып табылмайды.
Қолданыстағы Конституцияның 43-бабының 1-тармағында,
72-бабының 2 және 3-тармақтарында, 83-бабының 1-тармағында және
84-бабының 3-тармағында белгіленген шектеулерді қолдану мақсаты
тұрғысынан конституциялық-құқықтық мағынада аталған лауазымдарды
атқаратын адамдар жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін бірінші рет
сайланғанда не тағайындалғанда ғана маңызды болады.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы
Конституциясының 73-бабы 1-тармағының 6) тармақшасын, «Қазақстан
Республикасының Конституциялық Соты туралы» 2022 жылғы 5 қарашадағы
Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55 – 58-баптарын және
65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан
Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:


1. 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы
Конституциясының 43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын,
83-бабының 1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын осы конституциялық
нормаларда аталған лауазымдарды 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан
Республикасының Конституциясына сәйкес атқарып жүрген адамдар
2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясы күшіне
енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін
деп түсіну керек.
Аталған конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану
мақсаты тұрғысынан мұндай адамдардың 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан
Республикасының Конституциясы күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке
сайлануы не лауазымға тағайындалуы Қазақстан Республикасының
Конституциясына сәйкес алғаш рет жүзеге асырылып отыр деп есептеледі.
2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді,
Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті,
түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
3. Осы нормативтік қаулы заңдарды ресми жариялау құқығын алған
мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде
және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында
қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты