Байзақ ауданында 140 отбасы баспаналы болды

Байзақ ауданында 140 отбасы баспаналы болды

Байзақ ауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 140 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Аудан орталығы Сарыкемер ауылында бой көтерген 5 қабатты 60 пәтер, 1 қабатты 80 пәтерлі 40 үй халық игілігіне берілді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Олжас Баққараев тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, халықты баспанамен қамту Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Ауданда соңғы үш жылда Байзақ ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, нәтижесінде 618 отбасы жаңа баспанамен қамтылған. Оның ішінде 5 қабатты 7 тұрғын үй салынып, 420 пәтер пайдалануға берілсе, 99 бір қабатты тұрғын үйден 198 пәтер дайындалған. Сонымен қатар, жыл соңына дейін тағы 8 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, сатып алу жоспарлануда.
Шара барысында «Отбасы банк» АҚ арқылы жалға берілетін пәтерлердің кілттері баспана кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Жаңа үйлер заманауи талаптарға сай салынып, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.
Өз кезегінде «Отбасы банк» АҚ директор орынбасары Талғат Жақсылықов пен аудандық мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап, жаңа қоныстарында береке мен бақ тіледі.
Жаңа баспанаға қол жеткізген тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылықтарын білдіріп, қоныс тойының қуанышымен бөлісті.
Пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, атап айтқанда толық емес, көпбалалы, ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға берілді.

Айта кетейік, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар аудан көлемінде кезең-кезеңімен жалғасуда.