Жамбыл облысында сауда саласы дамып келеді: экспорт артып, нарықтар жаңғыртылуда

Жамбыл облысында сауда саласы дамып келеді: экспорт артып, нарықтар жаңғыртылуда

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдәбеков жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келіп, өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Аймақтық кәсіпкерлер палатасында өткен жиында шағын және орта бизнес өкілдерімен сауда саласын дамыту, отандық тауар өндірушілерді қолдау, цифрландыру және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды baq-orda.kz.

Сапар барысында вице-министр азаматтарды жеке қабылдап, бірқатар өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, «Сәуле» кондитерлік фабрикасы, «Полиэтилен Агро» және «Rano comfort service» кәсіпорындарын аралады. Бұл өндіріс орындары ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өз өнімдерін шетелге экспорттап келеді.

Айдар Әбілдәбековтің айтуынша, Жамбыл облысы өнеркәсіп өндірісі бойынша тұрақты өсім көрсетіп, жоғары инвестициялық әлеуетке ие өңірлердің қатарында. Өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар экспорттық өнім түрлерін көбейтіп, жергілікті тауар өндірушілердің ТМД және алыс шетел нарықтарындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары құрылып жатыр.

– Еліміздегі бизнес субъектілерінің 35 пайызы сауда саласына тиесілі. Бұл салада 1,6 миллион адам еңбек етеді. Сауда саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 19 пайыз. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында еліміздің тауар айналымы 16,1 триллион теңгені құрады. Сауда көлемінің нақты индексі 104,8 пайызға жетті, – деді вице-министр.

Оның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында сауда саласына тартылған инвестиция көлемі 110,7 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,4 пайызға артқан.

Жамбыл облысындағы ішкі сауда көрсеткіштері де оң динамиканы көрсетуде. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында өңірдің ішкі сауда айналымы 229,3 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,6 пайызды құрады.

Өңірде сауда инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Жібек жолы», «Салтанат» және «Якка сарай» базарларын модернизациялау жобалары қолға алынған. Қазіргі таңда «Якка сарай» базарындағы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Ал «Салтанат» базары толық жаңғыртылып, пайдалануға қабылданған. «Жібек жолы» базарында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.

Кездесу барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі де сөз болды. Биыл әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі 19-дан 31-ге дейін кеңейтілген. Бұл инфляциялық қысымды төмендету мақсатында Үкімет тапсырмасымен енгізілген уақытша шара.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының индексі республика бойынша 101,5 пайызды құраған. Ал Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 2,3 пайызға өсіп, республикалық деңгейден 0,8 пайыздық тармаққа жоғары болды.

Өңірде пияз бағасы 19,4 пайызға, алма 19 пайызға, картоп 17,2 пайызға, сәбіз 16,7 пайызға, тұз 14,8 пайызға және ірімшік 11,3 пайызға қымбаттаған.

Осыған байланысты вице-министр облыс әкімдігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының күрт қымбаттауына жол бермеу үшін нарықты қажетті өнімдермен қамтамасыз ету және өңірлік комиссия жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне бақылау шараларын күшейту тапсырылды.

Кездесу соңында Айдар Әбілдәбеков кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріп, министрлік тарапынан өңірдегі бастамаларға қолдау жалғасатынын жеткізді.