Екі ғасыр - екі дәуірдің куәгері Жетібай ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Рахымжан Мамыралиев 100 жасқа толды.
Аудан әкімі Олжас Баққараев ғасыр жасаған абыз ақсақалдың үйіне барып, торқалы тоймен құттықтап,
батыр аталарымыздың ерліктері мен бейбіт күндегі ерен еңбектері жас ұрпаққа үлгі-өнеге екендігін айтып, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
Ардагердің иығына зерделі шапан жауып, Құттықтау хатты табыстады.
Аудан басшысымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков ретімен жылы лебіздерін білдірді.
Бұдан соң ауласына шыққан даңқты ардагер Рахымжан Сатыбалдыұлы өзінің құрметіне ұйымдастырылған іс-шараны тамашалады. Аудандық әскери дайындық пәні мұғалімдерінің салтанатты маршпен жүріп өткендігін, сонымен қатар Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы оркестрінің орындауындағы соғыс жылдарындағы туындыларды, әнші Алмахан Исабаевтың әуелете шырқаған ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырдың “Тағзым” әнін тыңдап, риза болды.
Сондай-ақ қарт майдангерге Жамбыл облыстық Қорғаныс істері департаментінің ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Қайнар Байғабылов ҚР Қорғаныс Министрі Р. Жақсылықовтың Құттықтауын табыстады.
Ғасыр куәгері өзіне көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, ақ батасын берді.