"Ислам діні және дәстүр құндылықтары: кеше, бүгін, ертең"

"Ислам діні және дәстүр құндылықтары: кеше, бүгін, ертең"

"Ислам діні және дәстүр құндылықтары: кеше, бүгін, ертең" тақырыбында аудандық әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде облыстық конференция өтті.
Алқалы жиынға Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев, Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұрәлі Бақытұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті әлеуметтік жұмыс басқармасының дінтану бойынша бас маманы Бахтияр Алпысбаев және Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл аудандарының имамдары, дін қызметкерлері, аудандық, ауылдық  ардагерлер кеңесінің төрағалары,  аналар кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ауылдық округтердегі дін істері жөніндегі мамандары, білім бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Алдымен жиналғандар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнайы дайындаған  «Ислам және дәстүр құндылығы» және «Байзақ баба» мешітінің 2023 жылы атқарған жұмыстары туралы бейнебаянды тамашалады.
Конференцияны аудандық «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл ашып,  жүргізіп отырды. Алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов асыл дініміз бен ұлттық құндылықтарымыздың сабақтастығына  басымдық бере отырып, ауданымызда 34 мешіт жұмыс жасайтындығын, Бурыл, Түймекент, Құмжота ауылдарында жаңа мешіт құрылысы жүргізілсе, Үлгілі, Көктал ауылдарындағы мешіттер кеңейтіліп жатқандығын айтты. Ел алдында тұрған міндеттерге тоқтала келе, конференция жұмысына табыс тіледі. Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев дін мен дәстүрдің  үндестігін сақтау-ұрпаққа жүктелген міндет екендігін жеткізді.
Әрмен қарай облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев «Дәстүр құндылықтарына негізделген рухани тәрбие»,  Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Нұрәлі Бақытұлы «Ислам діні ғылымға негізделген», М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті әлеуметтік жұмыс басқармасының дінтану бойынша бас маманы Бахтияр Алпысбаев «Қазақ ойшылдарының діни танымы және руханияты» тақырыптарында баяндама жасады. Баяндамашылар  өз баяндамасында  ислам дінінің  таралуы, Атлах-Талас шайқасының тарихи маңызы, ислам дінінің дәстүрімізбен біте қайнасқандығы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялағандығына екпін салды. Дін мен дәстүр, ғылым мен білімнің қайнарлары Құран аяттары мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде жатқандығы,  білім мен ғылымның мәртебесі, артықшылығы, дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi-елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығын мысалдармен сабақтастыра білді. Сонымен қатар Әбу Мәнсұр әл-Матуридидің ерен еңбегі, қазақ ойшылдарының діни танымы туралы да кеңінен ақпарат берілді.
Алқалы жиын соңында конференция қатысушылары Үндеу қабылдады.
Жиын барысында туындаған сауалдарға тыңғылықты жауаптар беріліп, емін-еркін  пікір алмасылды.  Одан  кейін аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қалмұхамбетұлы бірнеше имамды аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Б.Сағынбековтің Алғыс хатымен марапаттады. Облыстың бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы «Кеңес» мешітінің имамы Әли Жайлауовқа умраға (кіші қажылыққа) жолдама табыстады.