АУЫЛ КЕШІ КӨҢІЛДІ: Қорытынды гала концерті өтті

АУЫЛ КЕШІ КӨҢІЛДІ: Қорытынды гала концерті өтті

Ақәділ Суханбаев атындағы орталық саябағында аудан әкімдігінің қолдауымен маусым, шілде, тамыз айларында ауданымыздағы барлық ауылдық округтердің атсалысуымен өткен «Ауыл кеші көңілді» атты мәдениет және өнер фестивалінің қорытынды гала концерті өтті.
Бұл фестивал биыл екінші рет өткізіліп жатыр. Былтырғы жылдан өзгешелігі - әр ауыл өнерпаздар ұжымының басқа ауыл сахналарында өнер көрсетуі, сол сияқты дәстүр көріністері, ұлттық ойындар, көрмелерге дейін көшпелі сипатта атқарылуы.
Кеш шымылдығы Ынтымақ ауылдық клубының «Сырғалым» би үйірмесінің «Қазақ» биімен ашылды. Әсем қимылмен өрілген би көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Фестиваль аясында әр ауылдан шыққан дарынды жандар өз өнерлерін ортаға салды. Сахна төрінде түрлі жанрдағы әндер мен билер орындалып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Бұдан әрі өнер додасына белсенді қатысқан Көктал, Бурыл, Сарыкемер, Түймекент, Суханбаев, Жалғызтөбе, Ынтымақ, Мырзатай және Сазтерек ауылдық округтерінің еңбегі лайықты бағаланып, қазылар алқасы атынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі , ақын Қасқырбай Нарбатыр, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, жергілікті әнші Алмахан Исабаев және аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шырын Қапарова жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарды табыстады.
Сахна төріне көтерілген аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов сөз алып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ауыл өнерпаздарының шығармашылығын насихаттауға арналған фестивалдің маңыздылығына тоқталды. Қатарынан биыл екінші рет өткізіліп дәстүрге айналған жоба әрі қарай өз жалғасын табатынын жеткізді.
Әрі қарай кеш марапаттауға ұласып, Дихан және Бәйтерек ауылдық округтері ІІІ-ші, Ботамойнақ және Жаңатұрмыс ауылдық округтері ІІ-ші, Қостөбе және Үлгілі ауылдық округтері жүлделі І-ші орынмен марапатталды. Бас жүлде – Көптерек және Темірбек ауылдық округтеріне бұйырып, фестивальдің биік шыңын бағындырды.
Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін көрермендерге ауылдық округ өнерпаздарының үздік концерттік бағдарламасы ұсынылды. Көпшілікке шаттық сыйлаған бұл өнер мерекесі ауыл өнерпаздарының биік таланты мен ұлттық болмысымызға деген шынайы құрметін айқын көрсетті. «Ауыл кеші көңілді» фестивалі алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын тауып, ел руханиятын байыта беретініне сеніміміз мол.

Ақпараттық медиа орталығы.