АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және су қорын келешек ұрпаққа сақтау үшін жан-жақты шаралар қабылдау - біздің тікелей міндетіміз. Бұл туралы Мемлекет басшысы айтты.
Ауыз су – адамдардың өмір сүру сапасы мен денсаулығын қамтамасыз ететін маңызды ресурс. Суды таза және жеткілікті мөлшерде ұсыну – әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық дамудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Мемлекетімізде ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда. Елдегі климаттық жағдайлар, ауыз су ресурстарының шектеулілігі және кейбір аймақтардың географиялық ерекшеліктері бұл бағытта тиімді шешімдер қабылдауды талап етеді.
Жалпы өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында, биылғы жылға халықты 100% таза ауыз сумен қамту міндеті тұр.
Аудандағы елдімекендер саны 43 болса, орталықтандырылған сумен 38 елдімекен қамтамасыз етілген. Бұл халықтың 95,9%-ын құрап отыр.
Өткен жылы Шахан елді мекенін орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету үшін 328,3 млн. теңге қаржы қарастырылып, бүгінгі күнде құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілді. Бас мердігер «Пырақ Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі негізгі су құбыры жүйесін тартып, өрт гидранттарын қойған.
Қосақ-2 елді мекенін орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту мақсатында 140,9 млн. теңге, Төрткүл елді мекеніне 440,5 млн. теңге, Жаңасаз елді мекеніне 509 млн. теңге құрайтын жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім жолданған.
Халықтың өмір сүру сапасы мен денсаулығын анықтайтын басты фактор – ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр.
Қабылдаған шаралар мен жобалар халықтың суға деген қажеттілігін қанағаттандыруға, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған. Тиімді басқару мен заманауи технологияларды пайдалану арқылы бұл мәселені толығымен шешу мүмкін болады.

Ақпараттық медиа орталығы.