Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба оқушы орындарының тапшылығы, апатты мектептер және үш ауысымды оқыту мәселелерін шешуге бағытталған.
Жоба бойынша 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп салу жоспарлануда. Негізгі басымдық қала мен ауылдық мектептер арасындағы алшақтықты азайту мақсатын көздейді. Осылайша, салынған білім нысандарының жартысына жуығы ауылдық жерлерде орналасады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи талаптарға сай келетін тегін білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Бастама жайлы мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартып қана қоймай, балалардың шығармашылық және интеллектуалды қабілеттерін дамытуға ықпал ететін орта қалыптастырады.
Сонымен қатар, мектептер заманауи бейнебақылау және мектепке кіріп-шыққандарды қадағалау жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Ұлттық жоба әрбір оқушының толыққанды білім алуына, шығармашылық тұрғыда және жеке тұлға ретінде дамуына жағдай туғыза отырып, еліміздің білім беру жүйесін дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Өткен жылдың жаңа оқу жылында аудан орталығы Сарыкемер ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №7 орта мектеп пайдалануға берілді. Мектеп 600 оқушыға арналған. Мұнда 58 педагог оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде.
Үш қабатты заманауи үлгіде салынған жаңа мектепте балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталған.
Оқушыларға ыңғайлы болу үшін трансформер-парталар мен «ауыз су фонтандары» қойылған. Әр қабатта оқушыларға арналған тынығу алаңдары бар. Ерекше балаларға арналған кедергісіз орта жасалып, пандустар, лифттер, арнайы дәретхана бөлмелері мен инклюзивті білім беру кабинеттері жасақталған. Әр оқушыға жеке заттарын сақтайтын шкаф қарастырылған. Ғимараттар өрт қауіпсіздігі, санитарлық және басқа да талаптарға толық сай келеді.
Қорыта айтқанда, «Жайлы мектептің» жүзеге асуы білім беру саласындағы өзгерістердің бастамасы. Бұл жоба білім беру жүйесін жаңартып, сауатты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашады.
Рүстем Қасымов,
аудан әкімінің орынбасары.