Президенттің 2024 жылғы Жолдауы: елімізде цифрлық экожүйе қалай қалыптасып келеді
«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдерге цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша назар аударуды тапсырды. Президент осы салада қол жеткізілген жетістіктерді еселей түсіп, «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет цифрлық шешімдер мен ЖИ технологияларын еліміздің экономикалық өсімін жеделдетудің негізгі тетігі ретінде қарастыра отырып, оларды барлық салаға енгізу жұмыстарын күшейтіп жатыр.
Елімізде салаларды цифрлық трансформациялау айтарлықтай нәтиже беруде
2021 жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан ауқымды цифрлық трансформация аясында Қазақстан Республикасы министрліктерінде мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға, әкімшілік және сыбайлас жемқорлық кедергілерді азайтуға, сондай-ақ азаматтар мен бизнеске көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған цифрлық шешімдер кешені енгізілді.
Бұл көлеңкелі экономикадан 28 млрд теңгеден астам қаражатты шығарып, 13 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. Енгізілген шешімдердің жалпы тиімділігі 51,3 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімі 20 есеге қысқарды. Сыбайлас жемқорлық және әкімшілік кедергілер төмендеді.
Клиентке бағдарланған, ашықтық, тиімділік және барынша автоматтандыру қағидаттарына негізделген мемлекеттік басқарудың платформалық моделі енгізілуде. Қызмет көрсету процесінде азаматтың қатысуын барынша азайтатын проактивті қызмет көрсету механизмдері іске қосылды.
Цифрлық үкіметті қолдау орталығы құрылды, сондай-ақ Цифрлық үкімет офисімен бірлесіп бизнес-процестерді реинжинирингтеу тәжірибесі енгізілді. Бұл тиімді шешімдерді талдауға, қайта жобалауға және ауқымдауға мүмкіндік береді.
«Қазақстан цифрландыру бойынша әлемдегі 193 елдің ішінде 24-орында тұр. Ал онлайн қызметтер индексі бойынша топ он елге кіреді. Қазір мемлекеттік қызметтердің 92%-ын онлайн алуға болады», — деді цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Азаматтарға арналған цифрлық сервистер: ыңғайлы, жедел әрі ашық
Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру аясында елімізде G2C (азаматтарға арналған мемлекет) форматындағы цифрлық сервистер белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл мемлекеттік қызметтерді алуды жеделдетіп, ашық әрі қолжетімді ете түсуде.
Электронды медициналық анықтамалар мен еңбекке уақытша жарамсыздық парақтарын цифрлық форматқа толық көшіру көлеңкелі экономиканы 7,5 млрд теңгеге қысқартуға және жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бюджет қаражатынан 450 млн теңге үнемделді. 1,5 млн қызмет түрі қамтылған телемедицина сервисі қашықтан кеңес беруге және диагностикалауға мүмкіндік берді. Бұл халықтың 13 млрд теңгеден астам қаржысын үнемдеді.
Балабақшалар мен мектептерге қабылдау цифрлық форматқа ауыстырылды. Процестің салыстырмалы жақсаруы 46%-ды құрады. Оқушының бір мектептен екінші мектепке ауысуына бұрын бес күн кететін, қазір бір күнде ауыса алады, бұл тиімділікті 66%-ға арттырды.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыру енді жылдамырақ жүзеге асады. Автоматты іріктеу және цифрлық тарату мерзімдерді екі-үш айдан екі аптаға дейін қысқартты. Үнемдеу көлемі 119 млн теңгені құрады. Колледжге қабылдау да жеңілдетілді: онлайн өтінімдер мен жеңілдікті мәртебені автоматты түрде тексеру құжаттарды өңдеу мерзімін бес күннен отыз минутқа дейін қысқартты.
ЖОО-ға қабылдау және жатақханаға орналастыру онлайн түрде жүзеге асырылады, бірыңғай қызмет құжат тапсыруға, емханаға тіркелуге, әскери есепке тұруға және жатақханадан орын алуға мүмкіндік береді. ҰБТ электронды сертификатын енгізу бюджетті 83 млн теңгеге үнемдеуді қамтамасыз етті және азаматтардың 300 млн теңгеден астам үнемдеуіне мүмкіндік берді.
Жол-көлік оқиғасына қатысты еврохаттама рәсімі енгізілді: мобилді қызмет полицияның қатысуынсыз жазатайым оқиғаларды тіркеуге мүмкіндік береді. Сақтандыру төлемдері 40 күннің орнына 5 күнде төленеді, экономикалық тиімділік 516 млн теңгені құрап отыр.
Атқарушылық іс жүргізу автоматтандырылды: істер автоматты түрде қозғалады, хабарламалар SMS арқылы жіберіледі, жеке сот орындаушыларының қатысуы алынып тасталды. Бұл жыл сайын 2 млрд теңге көлемінде үнемдеуді қамтамасыз етуде.
Цифрлық нотариаттық сенімхатты бейнебайланыс арқылы алуға болады, бұл ресімделген құжаттардың санын едәуір арттырып, азаматтар үшін процесті жеңілдетті.
Қолдау көрсетудің атаулылығын арттыру үшін «Әлеуметтік әмиян» жобасы енгізілді. Бірінші блок – 2369 мектепте тегін және жеңілдікпен тамақтандыру енгізілді, ал 3950 мектепте ыстық тамақты есепке алу үшін «Бизнес әмиян» жұмыс істейді.
«Біз әлеуметтік салада цифрлық шешімдерді енгізіп жатырмыз. "Әлеуметтік әмиян" жобасы тегін тамақпен қамтамасыз етуді қадағалауға, тіркеуді алып тастауға және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Бүгінде бұл құрал еліміздің барлық мектебінде енгізіліп, кеңейтілуде», — деп толықтырды Жаслан Мәдиев.
Транзиттік және технологиялық әлеует
Қазақстан Каспий ТОБЖ және батыс–шығыс гипермагистралі жобалары, сондай-ақ дата-орталықтар құрылысы арқылы әлемдік цифрлық экономикадағы өз рөлін нығайтуда. Amazon Kuiper, Shanghai Spacecom Satellite Technology Co., Ltd сияқты халықаралық серіктестермен келісімдерге қол қойылды, сондай-ақ спутниктік технологиялардың дамуына ықпал ететін Eutelsat-OneWeb операторының жұмысы басталды.
Жаңа келісімдер мен жобалар
Министрлік пен «Қазақтелеком» АҚ 3000-нан астам ауылдық елді мекендерді интернетке қосу туралы инвестициялық келісімге қол қойды. ТОБЖ құрылысы 2026 жылдың соңына дейін (жоспарлардан бір жыл бұрын) аяқталады, ал шалғай аудандар 2027 жылға дейін спутниктік байланыс арналарымен қамтамасыз етіледі.
Алматы облысында Shanghai SpaceSail компаниясының спутниктік интернеті сынақтан өтті — жылдамдығы 200 Мбит/с дейін тіркелді.
Жақында Қазақстанда SpaceX компаниясының Starlink қызметтері ресми түрде іске қосылды. Технология заманауи цифрлық қызметтерге қол жетімділікті арттыра отырып, тіпті ең шалғай аймақтарда да тұрақты қосылуды қамтамасыз етеді.
«2026 жылға дейін жоспардан бір жыл бұрын интернетке үш мыңнан астам ауыл қосылатын болады. Шалғай аудандарда байланыс 2027 жылдың соңына дейін спутниктік арналармен қамтамасыз етіледі», — деді Жаслан Мәдиев.
Қазақстан цифрландыру саласында мемлекеттік қызметтер мен телекоммуникациялардан бастап жасанды интеллект пен ғарышқа дейінгі позицияны жүйелі түрде нығайтуда. Цифрлық трансформация елдің өсуі мен халықаралық беделінің негізгі драйверлерінің біріне айналуда.