Аудандық мәслихаттың төрағасы Б. Жұмабековтың өкімімен мәслихаттың кезекті сессиясына уақытша депутаттық комиссия құрылған. Комиссия ауыл округі әкімі А.Абамуслимовтың есебін мұқият зерделеп, өз қорытындыларын ұсынады.
Аталған комиссия Қараспан ауыл округі әкімінің жыл бойына атқарған жұмыстары мен ауылдың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында құрылды. Оның құрамына аудандық мәслихат депутаттары мен мәслихаттың бас маманы кірді.
Комиссия төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Оразалиевтің айтуынша, комиссияның негізгі мақсаты – әкімнің есебін жан-жақты қарап, оның ауыл тұрғындарының мүддесіне қаншалықты сай келетінін анықтау. «Біз ауыл халқының өмір сүру деңгейін жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша нақты қадамдар жасалуын қалаймыз. Сондықтан есепті тыңдап қана қоймай, оны сараптап, қажетті ұсыныстар енгіземіз», – деді ол.
Комиссия мүшелері ауыл округіндегі жол жөндеу, ауызсу және электр қуатымен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлікті қолдау секілді маңызды бағыттарын талқылады.
Жиналған материалдар аудандық мәслихаттың алдағы сессиясында қаралып, тиісті шешімдер қабылданады деп күтілуде. Бұл жұмыс жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің ашықтығын арттырып, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етпек.
Уақытша депутаттық комиссия Қараспан ауыл округі әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.