
Этноауылда ұлттық өнер көрініс тапты. Киіз басу, күбі пісу, таба нан жабу сияқты көне кәсіптерден шеберлік сағаттары өткізіліп, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Қонақтар ұлттық киімдегі өнерпаздардың өнерін тамашалап, қазақтың қара домбырасының күмбіріне тербеліп, әуелеген әндерге қосылды.
«Жас толқын» балалар мен жасөспірімдер театрының өнерпаздары алтыбақан маңында ән шырқап, би билеп, мақал-мәтел мен жаңылтпаштар айтып, мерекенің көркін қыздыра түсті. Сондай-ақ, қазақ күресі, арқан тарту, асық ату сынды ұлттық ойындар ойнатылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Ордабасы жерінде өткен бұл мерекелік шара қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық рухты жаңғыртқан нағыз халықтық думан болды. Ұлыстың ұлы күні келген әрбір жан жаңа жылға ақ ниетпен, шат көңілмен қадам басты. Наурыз мерекесі құтты болсын!