Депутаттар Бөген ауылында тұрғындармен кездесті

Бүгін аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков пен Бөген ауылдық округінен сайланған депутат Әбілда Алибеков ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиын барысында ауылдың өзекті мәселелері талқыланып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді.

Кездесуде ауылдағы инфрақұрылымға қатысты бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, тік дренаж жүйесін тазалау, ағын су мәселесін шешу, ауыл ішіндегі жолдарға асфальт жабындысын төсеу, ескі ағаш бағаналарды ауыстыру және көше жарығын орнату мәселелері қарастырылды.
Тұрғындар өз ұсыныстарын айтып, бұл мәселелердің ауыл өміріне тікелей әсер ететінін жеткізді.
Депутаттар көтерілген сұрақтардың барлығы назарда болатынын айтып, оларды шешу үшін тиісті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істейтінін мәлімдеді. Алдағы уақытта ауылдағы инфрақұрылымды жақсарту бағытында жүйелі шаралар қабылданатыны атап өтілді.
Жиын соңында тұрғындар халық қалаулыларына өз ризашылықтарын білдіріп, ауылдың дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Депутаттар өз кезегінде, ауыл тұрғындарының талап-тілектерін ескеріп, олардың шешілуіне барынша күш салатындарын айтты.
Мәслихат аппаратының баспасөз қызметі