Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлымен бірге Қараспан ауыл округіндегі өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастыру барысы.

Аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлымен бірге Қараспан ауыл округіндегі өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастыру барысы.
27 ақпан күні аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлымен бірге Қараспан ауыл округіндегі өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастыру барысы.
🔸Бүгін аудан әкімі жұмыс сапарымен Қараспан ауылдық округінде болды. Аудан басшысы алдымен Батыр ата ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан “Қараспан” су торабының жағдайын көрді. Аталған бөгет “Тұран су” ШЖҚ МКК қарасты. Оның ұзындығы 71 метрді құрайды. Биіктігі 9,65 метр. 1960 жылы пайдалануға берілген.
Су өткізу қабілеті секундына 700 м.куб. Жалпы, бұл нысанның мақсаты-Арыс өзенінің суын бөгеп, Қараспан, Арыс магистралды каналдарына және “Бөген” су қоймасына су жіберу.
🔸Аудан басшысы сапар аясында Көлтоған ауылындағы күрделі жөндеуден өтіп жатқан Е.Ерназаров атындағы ЖОМ-не барды. Білім ошағындағы тиісті жұмыстар 2023 жылдың маусым айында басталған. Қазіргі таңда жұмыстың 90 пайызы біткен. Мердігер мекеменің өкілінің айтуынша абаттандыру, аяқжолдар төсеу және мектепті қоршау жұмыстары қалып отыр екен. Аудан әкімі нысан құрылысында сапаға назар аудару керектігін, жиһаздардың отандық өнім болуын айтып, аудандық білім бөлімінің өкіліне, аудандық құрылыс бөлімінің басшысына бірқатар тапсырмалар берді.
🔸Сондай-ақ Азат Әбдіғалиұлы Төреарық ауылындағы бой көтеріп жатқан фельдшерлік акушерлік тіректің жұмысымен танысты. Нысан басында бірқатар ауыл тұрғындарымен тілдесіп, медициналық мекеме бойынша ұсыныс-тілектерін тыңдады. Олар тіректің ішінде ауа жүретін жолдардың жоқтығын айтып, аудан басшысынан аталған кемшілікті қалыпқа келтіріп беруге қолғабыс білдіруін сұрады. Аудан әкімі кемшілікті жою үшін тиісті сала мамандарына тапсырма жүктеді.
🔸Аудан әкімі Бейсен ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы бастауыш мектептің жағдайымен де танысты. Қазір онда 1-4 сыныпта 50-ден астам бала оқиды. Білім ошағының тозығы жеткен. Азат Әбдіғалиұлы аталған нысан бойынша мамандармен тиісті жұмыстардың жүргізілетіндігін айтып, тиісті сала мамандарына ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
🔸Сапар Мақташы ауылындағы З.Исабеков атындағы ЖОМ жағдайымен танысумен жалғасты. Пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған білім ошағының жертөлесінің бір бөлігіне су кірген. Оның себебі анықталғанын алға тартқан аудан әкімі ауыл әкіміне, тиісті бөлімге, мектеп әкімшілігіне бірқатар тапсырмалар берді.
🔸Ауылдық округтің орталығы Қараспанға табан тіреген Азат Әбдіғалиұлы Байболатұлы Сәрсенбек көшесін (тоғыз жолдың торабы) жаяу аралады. Нәтижесінде бірқатар өрескел кемшіліктер анықталды. Атап айтар болсақ, арық-атыздардың қоқысқа толуы, жол жиегіндегі нысандардың қасбетінің тозуы, кейбір нысандардың қызыл сызыққа өтіп кетуі, санитарлық-тазалық жұмыстарының жоқтығы көзге түсті. Сондай-ақ ауыл клубы мен сол маңдағы балалар ойын алаңшасының жағдайы сын тудырды. Аудан басшысы ауыл әкіміне және жауапты бөлім басшыларына аталған кемшіліктерді жою үшін уақыт беріп, қатаң бақылауды ұйымдастыру-инспекторлық бөліміне жүктеді.
🔸Аудан әкімінің ауыл округке жасаған жұмыс сапары жергілікті әкімдікте ауыл әкімінің 2023 жылы атқарылған жұмыстары мен осы жылға жоспарлары туралы есеп беруімен аяқталды. Жиынға аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппаратының басшысы, бірқатар бөлімдердің басшылары мен мамандары, ауыл әкімі мен әкімдік қызметкердері, бірқатар ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Өз кезегінде аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімі басшысының тарапынан Қараспан ауыл округі бойынша анықталған кемшіліктер сараланып көрсетілді. Жиынды қорытындылаған аудан басшысы ауылдық округте өте ауқымды жұмыстардың (газ, су тарту, абаттандыру, каналдарды бетондау, жарықтандыру және т.б.) жүргізіліп жатқандығын айтып, басты мақсат Қараспан ауылдық округінің экономикалық даму әлеуетін көтеру және ауыл тұрғындарының жағдайын жасау екенін тілге тиек етті.