Ордабасы ауданында елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы бағытта Төрткүл ауылдық округіне қарасты Ақсары ауылына табиғи газ беріліп, нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шараға Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, сала мамандары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жоба облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек айында басталып, 2026 жылдың маусымында толық аяқталды. Нәтижесінде ұзындығы 9,7 шақырым газ құбыры тартылып, 50 тұрғын үй табиғи газға қосылды.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген аудан әкімі Азат Оралбаев тұрғындарды көптен күткен қуанышпен құттықтап, Мемлекет басшысының халықтың тұрмыс сапасын арттыру және елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары Ордабасы ауданында кезең-кезеңімен орындалып жатқанын атап өтті.
«Ақсары ауылына табиғи газдың берілуі – тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты жобалардың бірі. Алдағы уақытта да ауданымыздағы елді мекендерді инженерлік-коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жалғасады», – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков жаңа нысанның ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға оң ықпал ететінін айтты.
Шара барысында ауыл ақсақалы көгілдір отын алауын салтанатты түрде жағып, ақ батасын берді. Тұрғындар көптен күткен жобаның жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға ризашылықтарын білдірді.
Айта кетейік, бүгінде Ордабасы ауданындағы 57 елді мекеннің 45-і табиғи газбен қамтылған. Бұл ауданның газдандыру деңгейі 79 пайызға жеткенін көрсетеді. Алдағы уақытта да тұрғындарды табиғи газбен қамту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасын табады.