КЕЗЕКТІ 49-СЕССИЯДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ
Ордабасы аудандық мәслихатының кезекті 49-сессиясы өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, бюджет қаражатының тиімді игерілуіне және алдағы кезеңге арналған стратегиялық жоспарларға қатысты бірқатар маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.
Сессия жұмысына аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков төрағалық етіп, күн тәртібіндегі мәселелердің толық әрі сапалы қаралуын қамтамасыз етті.
Жиын барысында 2025 жылғы аудандық бюджеттің орындалу қорытындылары, ауылдық округтер бюджеттерінің игерілуі, аудандық экономика және қаржы бөлімінің атқарған жұмыстары, сондай-ақ Ордабасы ауданының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспары қаралды.
Сонымен қатар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің есебі тыңдалып, Бадам, Бөген, Қажымұқан және Жеңіс ауыл округтері әкімдерінің есептері депутаттардың талқысына ұсынылды. Көшелерге атау беру мәселесі де күн тәртібінде қаралып, тиісті ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды.
Сессия барысында депутаттар тарапынан баяндамашыларға нақты сұрақтар қойылып, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелер көтерілді. Әрбір мәселе бойынша жан-жақты пікір алмасу жүргізіліп, ұсыныстар ескерілді.
Күн тәртібіне енгізілген барлық мәселелер толық қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Қабылданған шешімдер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жетілдіруге, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуына бағытталған.
Ордабасы аудандық мәслихаты алдағы уақытта да тұрғындардың мүддесін қорғау, өңірдің тұрақты дамуына қолдау көрсету және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.