Елге қызмет – абыройлы міндет
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, ауданның зиялы қауым өкілдері мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қатысты. Өзім Ордабасы аудандық мәслихатының төрағасы ретінде қатысып, мемлекеттік қызметтің қоғамдағы орны мен маңызы туралы өз пікірімді білдіріп, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтадым.
Мемлекеттік қызмет – халықтың әл-ауқатын арттыруға, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған аса жауапты әрі құрметті сала. Бұл қызметте еңбек етіп жүрген азаматтар мемлекет пен халық арасындағы сенімді байланысты нығайтып, қоғамның өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
Іс-шара барысында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар мемлекеттік қызметкерлер аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен марапатталды. Олардың адал еңбегі мен кәсібилігі көпшілікке үлгі болып, ел игілігі жолындағы қызметтеріне берілген лайықты құрмет деп білемін.
Сондай-ақ көп жылдар бойы мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткен ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, олардың өнегелі жолы мен тәжірибесі кейінгі буынға тағылым ретінде насихатталды.
Салтанатты шара мәдениет қызметкерлерінің әсем әндері мен әсерлі концерттік бағдарламасына ұласып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Барша мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен тағы да құттықтай отырып, ел игілігі жолындағы еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, дендеріне саулық және толағай жетістіктер тілеймін.