ҚОҒАМ ТЫНЫШТЫҒЫ – ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты іс-шараға қатыстым.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, ішкі істер саласының ардагерлері, полиция қызметкерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында құқық қорғау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі еңбектерінің маңыздылығына тоқталдым. Полиция қызметі – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап ететін абыройлы міндет. Тәулік бойы халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларының еңбегі әрдайым құрмет пен алғысқа лайық.
Ордабасы ауданында қоғамдық тәртіптің сақталуы, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында полиция қызметкерлері жүйелі әрі нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Бұл – ел тыныштығы мен қоғам тұрақтылығының басты кепілі.
Салтанатты жиында ауданымыздың қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қызметтік міндеттерін адал әрі мінсіз атқаруға елеулі үлес қосқан бірқатар полиция қызметкерлерін Ордабасы аудандық мәслихатының Алғыс хатымен марапаттадым.
Құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне және сала ардагерлеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, ел игілігі жолындағы қызметтеріне табыс пен толағай жетістіктер тілеймін. Халық сенімін ақтап, абыройларыңыз арта берсін!