РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАҒЗЫМ

РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАҒЗЫМ
РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАҒЗЫМ
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай аудан орталығы Темірлан ауылында тағылымы мол салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, елдік пен егемендіктің айшықты белгісіне айналған «РӘМІЗДЕР АЛЛЕЯСЫ» ел игілігіне пайдалануға берілді.
Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның ең қастерлі құндылықтарының бірі, халқымыздың тарихын, мәдениетін, рухани болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын бейнелейтін қасиетті нышандар.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталып, көк байрағымыз асқақтата көтерілді. Іс-шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Жиында сөз сөйлеген аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков барша аудан тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, елдік құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Өз сөзінде:
«Мемлекеттік Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз – тәуелсіздігіміздің тұғыры, ұлттық бірлігіміздің айғағы. Рәміздерімізге деген құрмет – Отанға деген құрмет. Сондықтан әрбір азамат қасиетті нышандарымызды қастерлеп, кейінгі ұрпаққа оның мән-маңызын насихаттауы тиіс. Егемен еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, Қазақстанымыздың мерейі үстем болсын!» – деп ізгі тілегін жеткізді.
Сондай-ақ мерекелік жиын барысында ауданның қоғамдық-саяси дамуына, әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне және ел бірлігін нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар аудандық мәслихаттың грамотасымен марапатталды.
Шара барысында патриоттық әндер шырқалып, қатысушылар жаңа ашылған «Рәміздер аллеясын» аралап көрді. Аллеяның ашылуы аудан тұрғындарының бойында отансүйгіштік рухты нығайтып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталған маңызды бастама болды.
Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың мақтанышы, елдігіміздің еңселі белгісі. Сондықтан оларды ұлықтау, құрметтеу және жас ұрпақтың бойына сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз.
🇰🇿 Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын!
Еліміздің көк байрағы әрдайым биікте желбіреп, Тәуелсіз Қазақстанның абыройы асқақтай берсін!