ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай ауданымыздағы “Ардагерлер саябағында” тағылымы мол мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Тағзым мен тағылымға толы жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, ауған соғысының ардагерлері, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.
Шара барысында Ұлы Отан соғысында ел мен жер үшін жанын қиған боздақтарды еске алып, олардың рухына тағзым жасалды. Майдангерлердің ерен ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі екені атап өтілді.
Аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков жиналған қауымды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын жеткізді. Сонымен қатар ел тыныштығы мен бірлігінің маңыздылығына тоқталып, ардагерлерге құрмет көрсету – кейінгі буынның қасиетті парызы екенін атап өтті.
Мерекелік іс-шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық қойылымдар ұсынып, соғыс жылдарындағы және Жеңіс күніне арналған әндерді орындады. Көрермендерге рухани әсер сыйлаған концерттік бағдарлама көпшілік көңілінен шықты.
Ұлы Жеңіс – батыр бабаларымыздың қайсарлығы мен елге деген шексіз сүйіспеншілігінің айқын көрінісі. Батырлардың ерлігі – мәңгі жадымызда, ұрпаққа үлгі болып қала бермек.